«Жас Ұлан» әскери мектептеріндегі тексеріс: 14 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Ulysmedia

Бас әскери прокуратура Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында «Жас Ұлан» әскери орта білім беру мекемелерінің қызметін ұйымдастыру ісіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: kokshetau.info

Не болды

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, онда 908 кәмелетке толмаған тыңдаушы оқиды.

Оқу-әдістемелік процесс барысындағы білім беру қызметтерінің қауіпсіздігі мен сапасы, өртке қарсы және санитарлық нормалар мен ережелерді сақтау мәселелері зерделенді. Тексеру нәтижесінде бірқатар бұзушылық анықталды. Балалардың қауіпсіздігін сақтамау, өртке қарсы және санитарлық нормалар мен ережелердің бұзылуы, мектептерді материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқа да кемшіліктер анықталды. Жүргізуші куәлігінің тиісті санаты жоқ адам балаларды мектеп автобусымен тасымалдаған. Мектептерді жарақтандыру тиісті нормаларға сәйкес келмейді, атап айтқанда спорттық құрал-саймандар (төсеніштер, спорттық тренажерлер, футбол, волейбол доптары) жоқ. Бұған қоса, мектеп ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді, – делінген прокуратура хабарламасында.

Көрсетілген фактілер бойынша Қорғаныс министрлігіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.

Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша мектептерді жөндеуге қаражат бөлініп, заң бұзушылықтарды жою жоспары әзірленді. 14 жауапты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.