Соңғы қоңыраудағы төбелес пен шулы кортеж: Маңғыстауда 100-ден аса көлік айып тұрағына жеткізілді

Сырым Қаржас

25 мамырда Маңғыстау облысының мектеп бітірген түлектерінің видеолары бүкіл елге тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Скриншот

Маңғыстау облысында тәртіп сақшылары түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізген.

- Полиция қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының ескертуіне қарамастан, өңірде бірқатар түлектер түрлі құқықбұзушылықтарға жол берді. Облыс бойынша 104 көлік айыппұлға алынды, барлық көліктердің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жасалған құқық бұзушылықтардың көпшілігі - міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдіктерін тақпауы, мемлекеттік нөмірсіз көлікті жүргізу, көліктен басын, денесін шығарып қауіп туғызу болып отыр.

Ал Бейнеу ауданы Боранқұл (бұрынғы тірек) ауылында тіпті түлектер төбелесіп қалған. Тараған бейнежазбада төбелеске бірнеше ондаған түлектер қатысқаны, олардың кейбіреулері тас лақтыратыны көрінеді.

Аймақтың полиция департаменті болған оқиғаның фактісін растады. Ведомство егжей-тегжейлі ресми түсініктеме кейінірек ұсынуға уәде берді.