«Болашақ» түлегі пәтерін заңсыз кепілден шығарып, Англияға көшіп кеткен

Қалижан Бектемір

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығында шу шықты. 24KZ телеарнасында жүргізуші болып жұмыс істеген Валерия Гавриленко шетелдегі оқуын аяқтай сала Англияға көшіп кеткен. Енді «Болашақ» ХБО оның оқуына төленген 30 млн теңгені құжатқа қол қойған кепілгерлерден талап етіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.  

Коллаж: Ulysmedia.kz

Президентке үндеу

Жанжалдың ушығып бара жатқанын білген ОКҚ қызметкері Мақпал Дәрібаева мен «Хабар» телеарнасының редакторы Наталья Воробьева президент Тоқаевқа әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдады.

Видео авторлары 2016 жылы олар «Болашақ» грантын иеленген Қазақстан азаматы Валерия Гавриленкоға кепіл ретінде қол қойған. Алайда Валерия келісімшарт шарттарын орындамай, Англияға көшіп кеткен. Келісімшарт талабы бойынша, түлек білім алған мамандығына сай елімізде 5 жыл (республикалық маңызы бар қалаларда 5 жыл) жұмыс істеуі тиіс.

Бір қызығы, Наталья Воробьеваның айтуынша, түлек Валерия Гавриленко 2019 жылы «Болашақ» қызметкерлерімен сөз байласып, екі пәтерін кепілден заңсыз шығарып алған:

«Болашақ» 30 млн теңгені кепілгерлерден талап етіп жатыр

Жылжымайтын мүлікті кепілден босатуға рұқсат беретін ресми құжатқа «Болашақ» ХБО президентінің қолы қойылған. 2021 жылы, яғни екі жылдан кейін ғана «Болашақ» өз құжатын заңсыз деп танып, Гавриленконы стипендиядан айырған. Содан кейін оқу ақысын өтеуді талап еткен.

Бірақ ол елге көптен бері келмегендіктен және Орталық кепілге алған пәтерді құжат жүзінде қайтарып қойғандықтан, 2024 жылы, үш жылдан кейін, орталық оның 30 млн теңгелік қарызын бізден, кепілгерлерден өтемекші, - дейді Воробьева.