Ақтөбе облысынан 419 отбасы Болат Өтемұратов Қорынан баспана алады

Ulysmedia

Болат Өтемұратов Қоры су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысының тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Қор облыстың 419 отбасы үшін тұрғын үйді салу мен сатып алуды қаржыландыруды жоспарлап отыр.

Фото: дереккөз

Ақтөбе облысының Қобда ауданында 110 үйдің құрылысы басталды. Барлығы 150 үй салынады. Жобаға сәйкес, жалпы ауданы 80/100 шаршы метр болатын әрбір үйде тұрғын үй-жайлармен қатар жуынатын бөлме және автономды жылыту жүйесін орнатуға арналған қазандық бөлмесін салу көзделген.

Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарында Қор су тасқыны салдарынан тұрғын үйсіз қалған 68 отбасы үшін үй сатып алды. Жергілікті билік органдарының мәліметінше, осы аудандарда тұрғын үйге жалпы қажеттілік 169 үйді құрайды.

Ақтөбе қаласында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға беру үшін жоспарланған 100 пәтердің 32-сі сатып алынды. Құрылыс салушымен келісім бойынша барлық пәтерлер таза әрлеумен тапсырылады, бұл жаңа үй иелеріне кілттерді алғаннан кейін бірден тұрғын үйге қоныстануға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету және Ақтөбе облысын қалпына келтіру үшін Болат Өтемұратов 10 млрд теңге бөлген болатын. Су тасқынының алғашқы күндерінде Болат Өтемұратов Қоры су басу аймақтарынан эвакуациялан адамдарға шұғыл көмек көрсету үшін 680 млн теңге аударды.