Қазақстанда түрмедегі азаптауға қатысты жылына 500-600 арыз түседі

Аян Өрібай

Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Айта кетсек, мәжілісте бүгін ішкі істер органдарын реформалау мәселесі қаралған болатын. Баяндама жасаған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа сұрақ қойған депутат Дмитрий Колоданың айтуынша, ішкі істер министрлігінің жүйесіндегі ең өзекті проблемалардың бірі – ұсталған азаматтарды полиция қызметкерлерінің азаптауы болып отыр. Ол келтірген статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша (азаптау) 13 қызметкер, 2019 жылы 24 адам сотталған.

«Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, 2020 жылы сотпен қаралған істерде бұл қылмысты ішкі істер органдарының қызметкерлері жасайтыны анықталған. 8-і  ҚАЖ жүйесінде болған. Оған қоса сотталған 13 адамның 4-уі басшылық қызметтегі адамдар. Осындай азаптау фактілеріне жол бермес үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?» - деді депутат.

Бұл сұраққа жауап берген ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бас бостандығынан айыру орындарында азаптау жағдайлары болмауы керектігін мәлім етті. Оның айтуынша, азаптау фактілерінің әрбірі тіркеліп жатыр.

«Жыл сайын бізде осындай қылмыстарға қатысты 500-600 арыз түседі. Соған қоса тергеу барысында 13-20 қызметкер жазаға тартылды. Олардың қылмысы дәлелденген. Көбінесе бұл қылмыстар қылмыстық атқару жүйесінде тіркеледі. Сотталушылардың өздері де кейде жағдайды ушықтырғысы келіп, колония басшыларын шеттету үшін осындай әрекеттерге барады. Сол себепті әр арызды құқық қорғау органдары қарап, зерттейді. Прокура да, антикор да, ІІМ-де назарда осы мәселені ұстап отыр. Тексерусіз бірде-бір факт қалмайды. Бұл біздің принципиалды ұстанымымыз – полиция азаптау болмауы керек», - деді Ерлан Тұрғымбаев.