Ақтөбеде оқушының өлімінен кейін төрт жаттықтырушы жұмыстан шығарылды

Ғалиасқар Думан

Өңірдің спорт басқармасының мәліметінше, спорт мектебінің басшылығы да қатаң сөгіс алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Pixabay

Ақтөбе облысының спорт басқармасы оқушының қазасынан кейін спорт мектебінің мұғалімдері жазаланғанын хабарлады. 

Толығырақ

Сонымен, басқарма басшысы, мектеп директоры және тәрбие жөніндегі меңгеруші қатаң сөгіс алды. Еркін күрестен төрт жаттықтырушы 2024 жылдың 1 маусымынан бастап жұмыстан шығарылды. Кейін тәрбие жөніндегі меңгеруші де жұмыстан кетті.

Марқұм жасөспірімнің анасы жұмыстан босату мен сөгіс жаза жеткіліксіз жаза деп мәлімдеді, деп жазады "Азаттық радиосы".

Егер жеңіл жазамен құтылса, онда спорт мектебіндегі бұл жағдай тоқтамайды. Менің ойымша, олардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек, - деді әйел.

Оқиға қалай болды?

11 сәуірде Ақтөбедегі Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған интернат-колледжінде 8-ші сынып оқушысы есінен танып қалған. Келген жедел жәрдем қызметі оны құтқара алмай, жас бала ажал құшты. Сол кезде полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағаны хабарланған еді. 

Соңғы ақпараттарға қарағанда, полиция бір күдіктіні қамауға алған. Күдіктінің ұсталғанынан басқа ақпаратты құзырлы орган таратқан жоқ.

Баланың туыстарының жазбасы

Әлеуметтік желіге баланың ағасы жазды делінген (пост авторы көрсетілмеген – бір жерде Мұсағали Дауылов атты азамат таратады) жазба тараған еді. Ол жазбада туыстары баланың өліміне жоғарғы сынып оқушыларын кінәлайды. Іс бойынша екі оқушы қамауға алынған.

– Бексұлтан Әбубәкір бауырымды жоғары сыныптың оқушылары ұрып өлтірді. Сол күні кешке бауырларым бөлмелерді жинамағаны үшін дедовщинаға ұшыраған. Төбелес кезінде Бексұлтанды алдымен тоғызыншы сынып оқушылары ұрған. Артынша, оныншы сынып оқушысы бетінен тағы екі соққы жасаған. Кеудесінен де. Қатты соққыдан бауырым еденге құлап, есінен танып қалады. Бексұлтан ұрып-соққаннан көз жұмды, - деп жазады пост авторы. 

Ал мектеп басшылығы сол күні кезекшілік еткен бапкерді де полицияға алып кеткенін хабарлайды.