Қазақстанда бір жыл ішінде не қымбаттап, не арзандады

Қалижан Бектемір

Қазақстан нарығында бір жыл ішінде не қымбаттап және ненің арзандағаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.  

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ақылы қызметтер бағасы

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы мамырда айлық инфляция деңгейі баяулап, 0,4% құрады (биылғы сәуірде – 0,6%). Ақылы қызметтер бағасы 1%, азық-түлік емес тауарлардікі – 0,5% өсті, ал азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% төмендеген.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қоқыс шығару тарифі – 6,1%, домофон үшін төлем – 3,1%, электр энергиясының тарифі 1,8% өсті. Тұрғын үйді жалға беру – 1,5%, тұрғын үй-жайларды күтіп ұстау 1,7% қымбаттады. Стоматология қызметтерінің бағасы 3,3%, санаторий қызметтері – 2,1%, шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері – 1,4%, қоғамдық тамақтану 1,3% өсті, - делінген ақпаратта.

Биыл мамырда бағаның өсуі тұрмыс құралдарына 1%, киім мен аяқ киімге – 0,9%, тоқыма бұйымдарына – 0,7%, жеке пайдаланатын тауарларға 0,6% байқалды. Дәрі-дәрмектер 0,4% қымбаттады.

Жеміс-жидек, көкөніс бағасы

Азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі қиярға – 29%, қырыққабатқа – 19,1%, қызанаққа – 15,4%, тәтті бұрышқа – 5,8%, сарымсаққа 5,3% байқалды. Жұмыртқа – 9,8%, қарақұмық жармасы – 3,3%, күнбағыс майы – 2,1%, арпа жармасы – 1,1% арзандады. Бағаның өсуі басты пиязға – 28,3%, картопқа – 18%, қызылшаға – 15,5%, сәбізге – 7% байқалды.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 1,2% (орташа республикалық деңгейден 0,8 п.т. жоғары), ең төменгі – Ұлытау облысында 0,1% тіркелді. Тұтыну бағасының индексі Шымкент қаласында, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 100% құрады.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында – 0,4%, азық-түлік емес тауарларына – Маңғыстау облысында 1,2%, ақылы қызметтерге – Астана қаласында 2,5% өсті.

2024 жылғы мамырда жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,5% құрады. Ақылы қызметтер – 13,9%, азық-түлік емес тауарлар – 7,6%, азық-түлік тауарларының бағасы 5,5% өсті, - деп толықтырды бюро.

Коммуналдық қызмет бағасы

2023 жылдың мамыр айымен салыстырғанда тарифтер су бұруға – 43,9%, суық суға – 35,9%, ыстық суға – 35%, орталықтандырылған жылытуға – 33%, электр қуатына – 31,4%, қоқыс шығаруға 31,2% өсті. Ацетилсалицил қышқылы бағасы – 63,6%, белсендірілген көмірге – 32,5%, парацетамолға 28,4% жоғарылады. Зәйтүн майы – 20,1%, АИ-98 маркалы бензин – 19,8%, сәбіз – 18,4%, күріш – 17,4% алма – 16,8%, темекі өнімдері 16% қымбаттады. Керісінше жылдық мәнде басты пияз – 42,9%, күнбағыс майы – 24,7%, қырыққабат – 18,1%, құмшекер 4,9% арзандады.

31 мамырда Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комиссия бюджетке тағы 235 млрд теңгені аударады.