Мигранттар арасында Польша шекарасын бұзып кіргендер бар

Ulysmedia

Беларусь пен Польша шекарасындағы жағдай шиеленіскен күйі қалып тұр деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Фото: ашық дереккөзден

Әлемдік БАҚ жазуынша, Беларусь тарапынан Польшаға ағылған мигранттар арасынан Еуродақ аумағына өтіп үлгергендер де бар. Алайда Польша тарапының сендіруінше, олардың бәрі ұсталған.

“Біздің шекарамыздың тұтастығы сыналуда”, – дейді поляк премьері Матеуш Моравецкий.

Шекараны 15 мың әскер күзетіп тұрғанымен, мыңдаған мигрант қоршауларды бұзуға әрекет жасауда.

Қос жақ бір-бірін айыптауда. Ресми Минск халықаралық талаптарды орындамай жатыр деп Варшаваны сынаса, Брюссель санкция енгізгенге ерегіскен Лукашенко мигранттарды арандатып, әдейі заң бұзуға итермелеп отыр деп санайды.