НАТО ядролық қаруларын даярлық деңгейіне жеткізбек

Ғалиасқар Думан

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг альянста зымырандардың бір бөлігін қоймалардан алып, Ресей мен Қытайдың өсіп келе жатқан қаупіне байланысты оларды дайын күйге келтіру мәселесі талқыланып жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

REUTERS

- Мен қанша ядролық оқтұмсықты дайын күйге келтіріп, қаншасын даяр деңгейде ұстау керектігі туралы жедел мәліметтерге тоқталмайын. Біз осы мәселелер бойынша кеңесуіміз керек. Дәл осылай істеп те жатырмыз", — деді Дженс Столтенберг The Telegraph басылымына берген сұхбатында. 

НАТО бас хатшысының айтуынша, альянс ядролық арсенал арқылы қарсыластарына "тікелей сигнал" жіберуі керек. Сонымен қатар, Столтенберг НАТО-ның мақсаты "ядролық қарусыз әлем" екенін, бірақ ол сондай кезде де НАТО "ядролық одақ болып қала беретінін” атап өтті. Өйткені Ресей, Қытай және Солтүстік Корея ядролық қаруға ие болып, НАТО-да болмаса, бұл "қауіпті әлем” болмақ.

Столтенбергтің айтуынша, Қытай заманға сай қару-жараққа, соның ішінде 2030 жылға қарай мың оқтұмсыққа дейін өсетін ядролық арсеналға қомақты қаржы салып жатыр.

"Бұл дегеніміз, алыс емес болашақта НАТО [альянс] бұрын-соңды кездестірмеген нәрсеге, атап айтқанда екі ықтимал ядролық қарсылас - Қытай мен Ресейге тап болуы мүмкін. Әрине, мұның салдары бар", - деді ол.

7 маусымда Владимир Путин Санкт-Петербург экономикалық форумында сөйлеп, Украинадағы соғыс жайлы айтып, Ресейдің ядролық доктринасына өзгерістер енгізу керектігін сөз еткен. Бірнеше күннен кейін Ресей СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков Ресей Батыстың "қолайсыз және эскалациялық" әрекеттерге байланысты ядролық тежеу саласындағы негізгі құжаттарды өзгерте алады деп мәлімдеді.