Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев Үкіметте байланыс сапасын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Үкіметте есеп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәдиев не дейді
Мәдиевтің сөзінше, халықаралық деректер бойынша, Қазақстанда интернетті пайдаланатын халықтың үлесі дамыған елдер деңгейінде. Бүгінгі күні бүкіл әлемде интернетті тұтынудың қарқынды түрде өскені байқалады. Қазақстанда 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5%, ал абонент саны 12,9% өскен.
«Speedtest Ookla-ның 2024-ші жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, Қазақстан 43,62 Мбит/с орташа интернет жылдамдығымен 66-орында (Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға қарағанда жоғары)» - дейді ол.
Қанша ауылда интернет бар
Қазақстанда 6290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет бойынша оптика 2606 ауылға жеткізілген. Мобильді интернет 4 866 ауылда қолжетімді. Қолданыстағы салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылған.
«Бүгінгі таңда 1424 ауыл мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ұялы байланыс операторларын ынталандыру үшін министрлік жаңа Салық кодексіне радиожиілік спектріне салықтық жеңілдіктерді ұзартуды және төлем мөлшерлемесін өзгертуді ұсынған, – дейді ол.
Осылайша, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Рейтинг жайлы
Министр айтып отырған әрі жиі жаңаратын speedtest.net рейтингінде Қазақстан 64-ші орында тұр. Ал кезінде экс-министр Бағдат Мусин айтққан астанасы Токио – Жапония 65 орында.
Мусиннің сөзі
Елімізде интернет сапасына қатысты сын көп. Шалғай ауылдарды айтпағанда Астананың өзінде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейді дейді жергілікті тұрғындар. Ал былтыр шілдеде Бағдат министр Мусин интернет жылдамдығы жағынан Астана Токионы басып озғанын мәлімдеген.
«Сіздер де Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек, біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!?» - деген еді ведомство басшысы.
Сол тұста Мусин елорданың кейбір аудандарында интернет сапасының нашар болуы себебін түсіндірген.