ЕАЭО ғылыми атақтарды өзара тану туралы халықаралық келісім әзірледі

Қалижан Бектемір

Еуразиялық экономикалық одақта ғылыми атақтарды өзара тану туралы халықаралық келісім әзірленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде сарапшылар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарын жұмысқа орналастыру рәсімдерін оңайлату шеңберінде ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану туралы халықаралық шарттың жобасы талқылауға кірісті. Бұл шаралар ортақ еңбек нарығын дамыту аясында қолға алынып отыр.

Бүгінгі таңда профессор, қауымдастырылған профессор (доцент) және аға ғылыми қызметкер ғылыми атақтары бар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары жұмысқа орналасу мемлекетінің заңнамасы бойынша тану рәсімдерінен өтуге мәжбүр. Әзірленіп жатқан халықаралық шарт ғылыми атақ иелерін тиісті рәсімдерден өту қажеттілігінен босатуға мүмкіндік береді, - дейді министрліктен.

ЕАЭО елдері ғылыми-педагогикалық қызмет өтілі және ғылыми атақтарды өзара тануға қажетті басқа да өлшемшарттарды келісіп алады. Ал уәкілетті ұйымдар ғылыми атақтар туралы құжаттарды тану мәселелері бойынша өзара ақпарат алмасып отырады деген жоспар бар. Барлық ақпарат, соның ішінде нормативтік-құқықтық актілер, ғылыми атақтардың тізбесі мен үлгілері, белгіленген ғылыми аттестациялар туралы мәліметтер сол ұйымдардың сайттарында жарияланады.