Вейп шегетіндер үшін: ІІМ ескерту жасады

Ulysmedia

ҚР Ішкі істер министрлігі вейп тұтынып, оны сатушыларға ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Бұл туралы Polisia.kz сайты жариялады. 

“2024 жылғы 20 маусымнан шегілмейтін темекі өнімдері, электрондық тұтыну жүйелері, вейптер және оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске сәйкес шегілмейтін темекі өнімдеріне құрамында никотин бар, темекі жапырағынан әзірленетін заттар және олардың синтетикалық аналогтары жатады. Олар сору, шайнау, иіскеу үшін дайындалады,”- деп жазды Polisia.kz.

Электрондық тұтыну жүйелеріне, вейптерге құрамында никотин бар немесе жоқ сұйықтықты, басқа да химиялық заттарды, хош иістендіргіштерді қыздыратын құрылғылар жатады. Аталған заттарды сату және тарату фактiлерi анықталған жағдайда кiнәлi тұлғаға 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не болмаса 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы, я болмаса 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылады. Осы заттарды әкелгені және өндіргені үшін мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Егер айтылған іс-әрекеттер адамдар тобымен, аса ірі мөлшерде, бірнеше рет жасалса, мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.