AUYL SPORT – 2026 республикалық турнирінің биылғы қорытындысы бойынша еліміздің 10 ауылында заманауи спорт алаңдары салынбақ. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры қолға алған бұл бастама аясында жарыста үздік нәтиже көрсеткен спортшылардың туған ауылдарына көпфункционал спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр. Жаңа алаңдарда тек жеңімпаздар емес, ауылдағы өзге балалар да спортпен айналысып, шеберлігін шыңдай алады.
Ауылда талантты бала аз емес. Алайда олардың бәрінде бірдей спортпен жүйелі айналысуға мүмкіндік бола бермейді. Кей елді мекендерде арнайы жабдықталған алаңдардың тапшылығы балалардың жаттығуына, командалық ойындарды дамытуға және бос уақытын тиімді өткізуіне кедергі келтіреді.
Сондықтан ауыл спортының дамуы тек жарыс ұйымдастырумен немесе чемпиондарды марапаттаумен шектелмеуге тиіс. Баланың талабын ұштау үшін туған жерінде жаттығуға қолайлы жағдай болуы қажет. AUYL SPORT жобасы аясында қолға алынған жаңа бастама осы міндетті шешуге бағытталған.
Он ауылда көпфункционал спорт алаңдары пайда болады
Halyk қайырымдылық қоры биылғы республикалық турнирде үздік нәтиже көрсеткен ауылдарда спорт инфрақұрылымын дамытуды жоспарлап отыр. Жоба аясында еліміздің 10 ауылында баскетбол, волейбол, шағын футбол және дене шынықтыру жаттығуларына арналған көпфункционалды ашық спорт алаңдарын салу көзделген.
Жоспар бойынша биылғы турнир жеңімпаздарының туған ауылдарында алғашқы үш спорт алаңы салынады. Қалған жеті алаңның құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: жыл сайын үш ауылда жаңа спорт нысаны салынбақ.
Мұндай нысандар бір ғана спорт түріне арналмайды. Ауыл балалары бір алаңда бірнеше командалық ойынмен айналысып, дене дайындығын жетілдіре алады. Жаңа алаңдардың ерекшелігі – олардың мүмкіндігін тек турнир жеңімпаздары емес, ауылдағы өзге балалар да пайдалана алады.
«Туған ауылыма пайдам тигені – мен үшін ең үлкен қуаныш»
Ауылында жаңа спорт алаңының салынуы мүмкін екенін естіген турнир жеңімпаздарының бірі бұл жаңалыққа ерекше қуанғанын айтады.
– Бұрын үлкен жарыстарға қатысып, медаль алуды армандайтынмын. Енді біздің ауылға да спорт алаңы салынуы мүмкін екенін естігенде қатты қуандым. Егер ауылымызға жаңа алаң салынса, достарыммен бірге сонда барып жаттығамыз. Бізден кейінгі кішкентай балалар да спортпен айналысып, чемпион болуға ұмтылады. Мен үшін ең үлкен қуаныш – туған ауылыма пайдамның тигені, – дейді жас спортшы.
12 мың бала қамтылған жоба
AUYL SPORT бүгінде ауыл балаларының спорттық қабілетін ашуға бағытталған республикалық бастамалардың бірі. Жобаның үшінші маусымында еліміздің 17 өңіріндегі 400-ден астам ауылдан 12 мың бала түрлі спорттық іс-шараларға қатысты. Олардың арасынан үздік шыққан 1700 жас спортшы 3–7 қараша аралығында Астанада өткен финалда бақ сынады.
Жобаның ауқымы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Алғашқы маусымда республикалық кезеңге 1300 бала қатысса, биыл бұл көрсеткіш 1700-ге жетті. Бағдарламаға жаңа спорт түрлері де енгізіліп жатыр. Өткен жылы үстел теннисі қосылса, биыл шағын футболдан алғаш рет жарыс ұйымдастырылды.
Қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын Halyk қайырымдылық қоры толық өтейді. Бұл шалғай ауылдағы балаларға отбасылық табысына қарамастан, республикалық деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік береді.
Он жылдық жұмыстың жалғасы
Биыл AUYL SPORT турнирі Halyk қайырымдылық қорының 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Қор осы уақыт ішінде білім, спорт, мәдениет, экология және басқа да әлеуметтік бағыттарда 200-ден астам жобаны жүзеге асырған.
Ауыл спортын дамытуға арналған бастама да осы жұмыстың бір бөлігі. Оның аясында балаларға жарысқа қатысу мүмкіндігін берумен қатар, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінеді.
Мәселен, биыл еркін күрестен ұйымдастырылған арнайы семинарға 17 өңірден 50-ден астам маман қатысқан. Сондай-ақ халықаралық сарапшы Уве Бремнің қатысуымен үш қалада шахмат жаттықтырушыларына арналған оқыту курстары өткізілді. Нәтижесінде ауылдық жерлердегі 50-ден астам бапкер кәсіби білімін жетілдірді.
Ауылда спорттың дамуы үшін жарыс та, білікті бапкер де, жаттығатын орын да қажет. Осы үш бағыт қатар дамығанда ғана жас спортшының қабілетін толық ашуға жағдай жасалады. Он ауылда салу жоспарланған спорт алаңдары осы жүйенің маңызды бөлігі болмақ. Бүгін бір баланың жеңісімен басталған қуаныш ертең тұтас ауылдың игілігіне айналуы мүмкін. Ал жаңа алаңда жаттығатын балалардың арасынан болашақта республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары шығуы әбден ықтимал.