Snoop Dogg пен Kesh You: Баян Алагөзова клип шығатын күнді атап, тағы сынға қалды

Қалижан Бектемір

Танымал продюсер Баян Алагөзова оқырмандары тарапынан тағы да сынның астында қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скрин

Ол  Instagram-парақшасында атақты рэпер Snoop Dogg-пен бірге түсірген «Kesh You» тобы бейнебаянының тұсаукесері 26 шілдеде көрсетілетінін, музыкант қыздардың сұлулығына, костюмдеріне таңғалғанын жазған еді. Сол-ақ екен, оқырмандары продюсерді сын садағына алды.

«Ұлттық киімді қорлап жатқаны үшін бәрін жазаға тарту керек», «Өтініш, тыр жалаңаш шықсаңыздар да біздің ұлттық нақышты ою-өрнектер салмаңыздаршы», «Ұлттық киімді купальник қып алған ба?», «Ұлттық киімді қорлау, ашық-шашық киінетінің бар, ұлттық нақышты қоспай-ақ шешіне берсейші», «Мынау не сұмдық. Қазақы нақыштағы ою-өрнегімізді қорлап. Не сайқымазақ. Негрлердің алдында қор болдық. Депутаттар қайда қарап отыр?» деп жазып жатыр оқырмандар.

Бұған дейін Snoop Dogg қазақстандық «Кешю» тобымен бірге бейнебаянға түскен болатын.

Қаңтар айында Алагөзова 50 жас мерейтойын дүркіретіп атап өтті.