Түлкібастағы сот: Fаcebook-та мектеп директорын “жемқор” деп атаған әйелге ірі айыппұл салынды

Ғалиасқар Думан

Fаcebook әлеуметтік желісі арқылы жалпы орта мектеп директоры жайлы "жемқорлықты белшесінен басып отырғанын айтып, басшы болуға лайықты емес" деп жазба жариялаған әйел сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Отырар.кз басылымына сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Түлкібас аудандық сотында жала жабу бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралған. Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, істеген әрекеті үшін кешірім сұраған.

Жәбірленуші мектеп директоры әкімшілік хаттамада көрсетілген уәжді толық қолдаған. Яғни, Fаcebook желісі арқылы жариялаған мәліметтер ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретіндігін, ол мәліметтер шындыққа жанаспайтынын айтып, құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.

Сот қаулысымен құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 465 192 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

- Сот құқық бұзушының шын ниетпен өкініш білдіруін, жәбірленуші мен соттан кешірім сұрауын, жас отбасы екенін, жүктілігін ескерді. ӘҚБтК-нің 829-11-бабы 2-бөлігіне сәйкес, салынатын әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға қысқартқан, - делінген облыстық сот мәліметінде.

Негізі аталған бапта көзделген айыппұл мөлшері 180 АЕК, яғни 664 560 теңгені құрайды.