Туыстарына 4 млрд теңге аударған: Жетісайда білім бөлімінің 41 шенеунігі тергеліп жатыр

Сырым Қаржас

Түркістан облысында білім бөлімінің басшылары мен есепшілердің мемлекет ақшасын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

шартты сурет

Облыс прокуратурасы Жетісай ауданының білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мемлекет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде.

– Тергеу барысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен есепшілері өздерінің, сондай-ақ туыстары мен таныстарының есеп шоттарына белгіленген жалақыдан жоғары ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жасағаны анықталды. 2021-2023 жылдар аралығында мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келтірілген, – делінген хабарламада.

Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 41 қызметкерді, оның ішінде 2 білім бөлімінің басшысын, 1 бас есепші, 2 орынбасарын және 36 есепшіні күдікті ретінде таныды. Ауданның бұрынғы және қазіргі білім бөлімінің басшылары ұстау изоляторына жабылып, соттың санкциясымен қамауға алынды.

Қазір қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайлары мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.