Астанада өтетін Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО қолдауына ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ұйымның сайтында ақпарат жарияланды. ЮНЕСКО-ға болжамды бағалаулар бойынша Қазақстан астанасына 85-тен астам елден кемі 2 мың қатысушы келетінін хабарлады.
Ауқымды іс-шараға спортшылар ғана емес, мәдениет пен ғылым өкілдері де қатысады.
– Бұл іс-шара дәстүрлі ұлттық спорт пен мәдениеттің сақталуы мен дамуында маңызды рөл атқарады, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы мәдени әртүрлілік пен диалогты ілгерілетуге ықпал етеді. Бағдарлама аясында этномәдени мұраны насихаттауға бағытталған ғылыми конференциялар мен мәдени іс-шаралар жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Бағдарлама ат спорты, күрес, дәстүрлі садақ ату және интеллектуалды ойындар сияқты 20 негізгі және 10 көрме спорт түрлерінен жарыстарды қамтиды.
ЮНЕСКО-БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі. "United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization" (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет ұйымы) дегенді білдіреді.