Ұлыбритания ханшайымы ауруханаға түсті

Ғалиасқар Думан

Патшайым Елизавета II-нің қызы Анна ханшайым миы шайқалып ауруханаға түсті. Бұл туралы 24 маусымда Букингем сарайы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: REUTERS/Hannah McKay/Pool

Дәрігерлердің айтуынша, 73 жастағы Ханшайым Аннаға мидың шайқалуы және жеңіл жарақаттар диагнозы қойылған.

"Ханшайым кеше кешке Гэткомб саябағындағы оқиғадан жеңіл жарақат алып, миы шайқалды", — деп сарайдың мәлімдемесіне британдық The Guardian басылымы сілтеме жасайды.

Жарақаттардың нақты себебі әлі расталмаған, бірақ аттан құлап басынан жарақат алуы мүмкін. 

Қазір Анна ханшайым ауруханада дәрігерлердің бақылауында. 

Бұған дейін, 4 маусымда американдық Us Weekly журналы Уэльс ханшайымы Кейт Миддлтон ауруына байланысты ешқашан өзінің корольдік міндеттеріне оралмауы мүмкін деп хабарлаған еді. Осы жылдың наурыз айында оған қатерлі ісік диагнозы қойылғаны  және химиотерапиядан өтіп жатқаны белгілі болған. 

Сәуірде Британдық Sky News Кенсингтон сарайына сілтеме жасай отырып, Уэльс ханзадасы Уильям жұбайының ауруы туралы жарияланғаннан бері алғаш рет өзінің қоғамдық міндеттерін қайта бастағанын хабарлады.