«Қазақша неге сұрақ қоя бересің»: Ресейден келген бапкер журналиске ашуланды

Сырым Қаржас

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың Астанада алғаш рет баспасөз мәжілісіндегі сөзі қызу талқыланып жатыр. Ол бірнеше рет қазақ тілінде сұрақ қойған журналистен сауалды орысша қоюды талап еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚФФ

“Осетин тілінде жауап берсем қалай?”

Белгілі журналист Нұрсұлтан Құрман әуелі бас бапкерге қазақ тілінде қойған сұрағын Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов орыс тіліне аударып берген. Кезекті рет қазақша сауалға Станислав Черчесов ашуланып шыға келген.

«Сұрақты неге орысша қоймайсыз? Мен қазір сізге өз ана тілім осетин тілінде жауап берсем не болады? Бірақ ол кезде ешкім түсінбейді. Осының алдында қазақша сауалыңызды федерация президенті аударып берді, енді ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой. Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейіннен ондай жүрмейді», –  деді ресейлік бапкер.

Бас бапкерлікке қашан келді

Еске сала кетейік, осы айдың басында Станислав Черчесов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді. 

Ресейлік футбол жаттықтырушысы, футболшы, КСРО және Ресей құрамаларының қақпашысы Станислав Саламович Черчесов 1963 жылы 2 қыркүйекте Солтүстік Осетия Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Алагир қаласында (қазіргі Солтүстік Осетия-Алания Республикасы) дүниеге келген. Футболды туған жеріндегі «Спартак» мектебінде бастаған.

Ал Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып келген Станислав Черчесовтың айлығын білмейтін болып шықты. Ол осы сұрақты қойған журналистерге «федерациядан бірге сұрауды» ұсынды.