Парламенттік реформа ресми түрде әлі іске қосылмаса да, оның негізгі бейнесі қазірдің өзінде айқындала бастады. Енді парламенттің жоғарғы және төменгі палаталары деген болмайды, бірмандаттық округтер де, президенттік квота арқылы өткендер де болмайды. Алты ай бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы парламент туралы алғаш мәлімдегенде, сарапшылар саяси белсенділік күрт артып, партиялар саяси додаға дайындала бастайды деп күткен. Өйткені енді барлық қазақстандықтың тағдырын партиялар шешеді, демек партиялық активтегі орын мансап жолындағы алтын баспалдаққа айналады. Алайда аймақтардан да, Астанадан да харизмасы жоғары, елді соңынан ерте алатын тұлғалар шыққан жоқ, тіпті қазіргі Мәжіліс пен Сенаттың өзінде пікірталас күшейгенін де көріп отырғанымыз жоқ. Осындай жағдайда алдағы уақытта құрылады деген Құрылтай қазіргі парламенттен тиімдірек жұмыс істей ме? Ulysmedia.kz болашақтағы саяси жүйеміздің партиялық құрамын саралап көруді жөн көрді.
Бәсеке жоқ жерде батыр көп
Жастар жағы саясаттағы күресті көбіне шетелдік фильмдер мен сериалдардан, мысалы, «Карточный домик» фильмінен ғана білуі мүмкін. Ал елімізде 90-жылдары болған шынайы саяси тартыстарды бүгінде көп адам еске де ала бермейді. 2022 жылғы конституциялық реформалардан кейін Қазақстанда да нағыз саяси шайқастар, пікірталастар басталатындай көрінген. Бірақ олай болмады. Социолог, Paper Lab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаевтың айтуынша, билік Қазақстанда жаңа саяси орта емес, керісінше үн шығара алмайтын алаң қалыптастырды.
– Қаңтар оқиғасынан кейін шынымен де саяси белсенділіктің белгілі бір серпілісі болды. Оппозициялық бағыттағы бірнеше белсенді өз партиясын немесе қоғамдық ұйымын құрғысы келетінін мәлімдеді. Алайда олардың ешқайсысы заңда көрсетілген талаптарды орындай алмады. Одан бөлек, кейбір белсенділер кейін заңмен байланысты мәселелерге тап болды. Бұған ең айқын мысал – Марат Жыланбаев. Соның нәтижесінде біздегі саяси алаң дамып келе жатқан кеңістіктен гөрі күнге күйіп, жауынсыз қалған далаға көбірек ұқсайды. Бұрын белсенді болған тұлғалардың өзі саяси белсенділігін төмендетті. Біріншіден, партия құру мүмкіндігі жоқ жерде белсенді болудың мәні жоқ, екіншіден, бұл қауіпті, – дейді Бейсембаев.
Оның айтуынша, халық қазақстандық саяси партиялар туралы өте аз біледі. Көпшілікке белгілісі Amanat партиясы ғана. Оның өзін қазақстандықтар жақсы көргендіктен емес, қай жерге барса да алдынан шығатындықтан, атын оңай еске түсіреді.
– Amanat партиясының қатарында бюджет саласының қызметкерлері мен мемлекеттік органдар өкілдерінің басым бөлігі болғандықтан, бұл партия сайлауалды науқанда оңай жұмылып, электоралдық кампания жүргізе алады. Ал қалған партиялардың нақты «бет-бейнесі» жоқ, көшбасшыларын да, бағдарламаларын да көп адам білмейді. Сондықтан сайлаудағы бәсеке болса да, ол жасанды сипатта болады, ал нәтиже билікке қажет болған пайыз көлемінде қалыптасады, – деп түйіндейді ол.
Республика жарығы неге бәсең?
Еске сала кетейік, 2022 жылы партия құру тәртібі жеңілдетілгеннен кейін «Байтақ» пен Respublica партиялары тіркеуден өте алды. Алайда алғашқысы парламентке өте алмады, ал екіншісі қазақстандық саясаттың шынайы келбетін көріп, көңілі қалғандай әсер қалдырды және әлі күнге дейін өз орнын іздеп жүр. Саясаттанушы, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Қазбек Майгельдинов Құрылтайда жас кәсіпкерлер партиясы мүлде болмауы да мүмкін деп есептейді.
– Respublica Мәжіліске жастар мен Бейбіт Әлібеков сияқты танымал блогерлер арқылы жақсы кірді. Бірақ қазір бұл күн тәртібі бұрынғыдай қызық емес сияқты, оның үстіне зумерлердің қызығушылықтары да өзгеріп жатыр. Ал партияның ішінде белгілі бір қозғалыстар болды. Кейбір депутаттар парламенттегі жалақысы бар заң шығару қызметін өздері үйреніп қалған бизнеспен шатастырып алғандай әсер қалдырады. Меніңше, парламенттік фракцияның жетекшісі Айдарбек Қожаназаровтың өзі де бизнеске қайта оралуға қарсы емес. Сондықтан бұл партияның Aq Jol партиясымен бірігуі қисынды болар еді. Күн тәртібі ұқсас, негізінен бір электоратқа сүйенеді, – деп түсіндіреді ол өз көзқарасын.
Сонымен қатар саясаттанушы қазір қазақстандық бірде-бір партия сайлаушылар үшін шынайы күреске дайын емес екенін атап өтеді.
– Саяси партиялар үнемі белсенді болуы керек, ал бізде сайлау науқаны кезінде ғана «оянатын» зомби-партиялар бар. Әрине, бұл сайлаушылардың оларға деген сенімін төмендетеді. Негізінде, партиялар қазір жай ғана бар. Бұрын жастар қанаты арқылы аудиториясын белсенді түрде кеңейткен Amanat-тың өзі қазір бұл бағытта жұмыс істемейді. Бұл партия ішіндегі кадрлық өзгерістермен байланысты болуы мүмкін, бірақ факт айқын. Aq Jol мен ЖСДП (ОСДП) тек өз лидерлері арқылы ғана танымал, ал Халық партиясы соңғы жылдардағы кадрлық ауыс-түйістерден әлі ес жия алған жоқ. Бұрынғымен салыстырғанда сәл белсендірек көрінетіні, кем дегенде әлеуметтік желілерде, ол – «Ауыл» партиясы, – деп тізбектейді Майгельдинов.
Алайда мұның өзі қарапайым қазақстандықтардың сайлауға қызығушылығын арттыруға жеткіліксіз болуы мүмкін.
Заң талабы ма, әлде ішкі үндеу ме?
Сарапшылардың айтуынша, бұл – қазіргі Қазақстандағы негізгі проблемалардың бірі.
– Жаңа реформа, шын мәнінде, парламенттің немесе Құрылтайдың (қалай атағаныңызға байланысты) өкілеттігін едәуір күшейтеді. Депутаттардың үш негізгі функциясы бар: заң шығару, бақылау және өкілдік ету. Ал бізде адамдар әлі күнге дейін депутаттардың өз өкілдері екенін түсіне бермейді. Депутат қаншалықты «кемшілігі көп» болса да, ол бәрібір кез келген министр мен әкімге қарағанда халыққа жақын. Ол халық атынан сөйлеуге, атқарушы билікті тексеруге және сынауға құқылы. Бірақ егер оның артында сайлаушылардың қолдауы болмаса, ол не үшін тырысуы керек? Сондықтан халықтың саясатқа қатысуы өте маңызды, – дейді тәуелсіз саясаттанушы Замир Қаражанов.
Ол қазір қазақстандық партиялар шала ұйқы күйде екендігін, тек сайлау қарсаңында ғана оянатынын және олардың сайлауалды бағдарламалары толыққанды құжаттан гөрі ұрандар жиынтығына көбірек ұқсайтынын айтады. Дегенмен сыннан конструктивті талдауға көшуді ұсынады.
Олигархтарға тиімді ме?
– Партиялардың басты мәселесі — ресурстың жоқтығы. Келісейік, тұрақты түрде мүшелік жарна төлеуге көп адам келісе бермейді. Ал партиялар ақшасыз не істей алады? Билікпен тең дәрежеде пікірталас жүргізу үшін партиялардың өз аналитикалық орталықтары болуы керек. Олар мәселе туралы үстірт мәлімет емес, оның терең мәнін түсіндіре алуы тиіс. Мұндай орталықтар қомақты қаржыны қажет етеді. Ол қаржыны қайдан алады? Бюджеттен қаржыландыруды бізде тек парламентке өткен партиялар алады, әрі бұл – олардың негізгі ресурсы, – деп еске салады Замир Қаражанов.
Саясаттанушының пікірінше, партиялар «зомби» күйінен шығып, нақты саяси күшке айналуы үшін олардың қаржыландыруын кем дегенде сақтап қалу, ал мүмкін болса — арттыру қажет. Алайда басқа тетіктерді де естен шығармау маңызды.
– Қазір партияларға демеушілік көмекке шектеу бар, ол міндетті түрде сақталуы тиіс. Әйтпесе, біз толықтай олигархиялық экономикаға тап болуымыз мүмкін: партиялар демеушілерінің мүддесін лоббилейтін құралға айналады. Бұл, негізі, түсінікті: кім әнге тапсырыс берсе, сол биді де билейді. Бірақ бұл қағиданы партиялар, мемлекет пен бизнесмендер ғана емес, қарапайым азаматтар да түсінуі керек. Өйткені олар партияға ақшамен болмаса да, сайлаудағы дауысымен «төлем» жасай алады, – дейді ол.
Кәсібилік алтынмен тең
Осыған ұқсас ойды Astana Open Dialogue ұйымының негізін қалаушылардың бірі Айбек Құмысбеков те айтады.
Оның пікірінше, егер кәсіби парламентке басымдық берілсе, депутаттардың да кәсіби деңгейін арттыру қажет.
– Қазақстандық депутат, шын мәнінде, өте кең ауқымды мәселелерден хабардар болуы тиіс. Ал ол пікірталасқа түсетін министр, біріншіден, нақты бір салаға ғана шоғырланған, екіншіден, әр министрліктің жанында жұмыс істейтін think tank орталықтарының деректеріне сүйенеді. Сондықтан парламентті реформалау кезінде бірнеше нәрсені ескеру керек. Біріншіден, партияларды қаржыландыруды сақтау қажет, екіншіден, депутаттарға сараптамалық қолдау көрсететін қосымша аналитикалық бөлім құру керек. Басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, әр депутаттың түрлі бағыт бойынша бірнеше көмекшісі бар, – деп атап өтеді ол.
Ал партиялық белсенділіктің төмендігіне қатысты пікірлерді саясаттанушы Құмысбеков мойындай қоймайды. Оның айтуынша, партиялардың өз ішінде парламенттік фракция тізіміне ену үшін күрес қазірдің өзінде басталып кеткен. Тек бұл процесс саясаттан алыс қарапайым халыққа көрінбейді. Ал партия ішіндегі бәсеке, қалай болғанда да, оның дамуына әкеледі. Сондықтан елде оң өзгеріс жасауды армандайтын қазақстандықтар саяси құрылымдарға назар аударуы тиіс.
– Партиялар арқылы әлеуметтік лифт механизмі іске қосылды. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Жас белсенді алдымен жергілікті деңгейде өзін көрсетеді: партияға кіреді, мәслихат сайлауына қатысады, сол жерде өз идеясын қорғауды және жақтастарын жұмылдыруды үйренеді. Кейін парламенттік тізімге ілінеді. Қазірдің өзінде өңірлерде азаматтар таныс адамдарынан: «Қай партиядан түспексіз? Мен соған дауыс беремін», – деп сұрап жатыр, – деп сипаттайды ол көпшілікке байқала бермейтін партиялық жұмысты.
Оның ойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі жақын арада ел тағдырын толықтай шешетін партиялар туралы мүлде хабарсыз болуы үлкен трагедия емес. Халықтың саясилануы үшін сыртқы факторлар қажет. Мысалы, 2025 жылы ондай фактор шағын бизнесті күйретуі мүмкін жаңа Салық кодексі болды. Депутаттық сауалдардың көптігіне қарағанда, алаңдаған қазақстандықтар билік иерархиясының күрделі жүйесін түсініп, депутаттарға шығудың жолын тапқан. Ал кейбір сарапшылар қазақстандық партиялар әзірге бүкіл қоғам тағдыры үшін жауапкершілік алуға дайын емес деп қауіптенеді. Бірақ олар жақын уақытта соған міндетті болады. Сондықтан Құрылтайдың жекелеген демеушілердің емес, тұтас қоғамның мүддесі үшін жұмыс істеуі аса маңызды.