“Шетелдегі қазақ балалары” үздік тележоба атанды

Ғалиасқар Думан

Көптің көзайымына айналған жоба "Тұмар" телевизиялық бәйгесін жеңіп алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Коллаж Ulysmedia

Jibek Joly телеарнасының «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы «Тұмар-2024» ұлттық телевизиялық бәйгесінде «Үздік деректі фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, бұл белгілі журналист Жанар Байсеміздің авторлық бағдарламасы.

Бағдарлама тағдыр жазуымен шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының отбасындағы өмірін көрсетеді. 

Биыл «Тұмар» бәйгесі сегізінші мәрте ұйымдастырылды.

2024 жылы байқауға 12 номинация бойынша 300-ден астам өтініш түскен. Бәйгеге республикалық және аймақтық телеарналар, студиялар мен компаниялар қатысты. Қысқа тізімге 48 жұмыс енді. Биыл «Төтенше жағдай кезінде түсірілген үздік репортаж» атты жаңа номинация қосылды.

Сыйлықтың жеңімпаздарына «Тұмар» мүсіншесімен қатар, отандық телевизия саласындағы ең жоғары жетістіктері үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.

Айта кетейік, «Тұмар» ұлттық байқауы алғаш рет 2017 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен құрылған. Байқаудың басты мақсаты – қазақстандық телевизияның сапалы дамуына ықпал ету, телевизиялық контент өндірісінде талантты мамандарды қолдау және оның ең мықты өкілдерін мадақтау.

«Тұмар-2024» сыйлығы иегерлерінің тізімі.

Бұған дейін

“Шет елдегі қазақ балалары” жобасының авторы Жанар Байсеміз Ulysmedia.kz порталына сұхбат беріп, жоба туралы айтқан еді. 

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасы авторының айтуынша, 90-жылдары шетелдіктер асырап алған балалардың нақты тізімі ешбір жерде жоқ.

Сол жылдары балаларын интернатқа, балалар үйіне уақытша қалдырып кеткен ата-аналар опық жеп қалған көрінеді.

«Кейбіреулер уақытша қалдырып кеткен. Жағдайы қиын болып, қайтып алып кетем деген. Сол уақытта баланы шетелге беріп жіберген. Ол жерде агенттіктер жұмыс істейді. Ол кезде Білім және ғылым министрлігі болған. Қазір қалай аталады өзі. Біресе қосады, біресе алды. Тек қана балалар үйі ғана айналыспайды ғой. Сол кездегі БҒМ қарамағындағы Балалар құқығын қорғау комитеті деген, сол жауапты», - дейді автор.

Жанар Байсемізованың сөзінше «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын қайта түсірген соң, кейбір шенеуніктер жұмысынан кеткен.