АҚШ-та үш адамға доңыздың жүрегі мен бүйрегі трансплантация­ланды

Қалижан Бектемір

Дүниежүзілік экономикалық форумының «Frontiers» ғылыми журналдар баспагерімен бірлесіп жасаған биылғы есебінде қоғам мен экономикаға айтарлықтай әсер ететін 10 жаңа технология анықталды, Ulysmedia.kz соның бесеуін назаларыңызға ұсынады.

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Мария Жылқышиеваның сөзінше, баяндама авторлары кейінгі жылдары ЖИ-ды ғылыми жаңалықтар ашу бойын­ша пайдалануда ілгерілеулер байқалатынын айтқан. 

“ЖИ жүйесі ақуыз құрылымдарының 3D үлгі­лерін дәл болжай алады. Сон­дай-ақ зерттеушілер ғылыми әде­биеттердегі үлкен көлемді ақпаратты игеру үшін ЖИ чат-боттарымен тілдік модельдерді құрастырып, жаңа ғылыми гипо­тезаларды ашып жатыр. Жасан­ды интеллект саласындағы инно­вацияның қазіргі қарқынмен дамуы келесі салаларда ілгерілеуге әкелуі мүмкін: Ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу; Жасыл энергия үшін қа­жет технологияларды құруға мүм­кіндік беретін жаңа материал­дар өндіру; Биологияның қазіргі түсі­нігін кеңейтетін биология ғылы­мындағы тың жетістіктер; Адам санасын түсінудегі трансформациялық секіріс”, – дейді сарапшы. 

Интернет пен байланыс сапасы

Зерттеуде бүгінгі таңда адамдар интернет пен байланыстың кідіріссіз болуын және оның энергияны аз тұтынуын қалайтыны атап көрсетіледі. 2030 жылға қарай 6G іске қосылатын болса, аталған талаптар одан әрі өсе­тіні анық. Бұл мәселені шешуде RIS (Reconfigurable Intelligent Surfaces) сымсыз байланысты жақсарту үшін смарт материал­дар мен алгоритмдерді пайдаланатын жаңа технология бас­ты рөл атқаруы мүмкін. RIS энер­гия­ны аз тұтынып, электро­магнит­тік толқындарды дәл бас­қаруға мүмкіндік беріп, қуат­ты тарат­қыштардың қажетті­лігін азайтады. «Huawei», «Intel» және «Samsung» сияқты көптеген ірі компаниялардың бұл техноло­гияға инвестиция бөлуі оның болашақтағы маңыздылығын көрсетеді.

Әуе байланысы

Зерттеуде берілген жаңалық­тардың бірі HAPS (High Altitude Platform Stations) – жер бетінен шамамен 20 км биіктікте көбінесе әуе шарлары, дирижабльдер немесе ұшақтар түрінде жұмыс істейтін платформалар арқылы байланысты арттыру. HAPS әсіресе таулар, джунглилер немесе құмды шөл секілді байланыстың жетуі қиын аймақтар үшін пайдалы болмақ. Жылдам бейім­делу мүмкіндігі HAPS-ты төтенше жағдайларда адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін құнды құралға айналдырады. 

Құрылысты жобалау

Құрылыстағы иммерсивті жобалау виртуалды шындық пен ЖИ күшін пайдалана отырып, сәулетшілер мен дизайнерлер өзінің болашақ ғимараттарын физикалық шындыққа барынша жақын етіп жобалауға мүмкіндік береді. БҰҰ мәліметтері бойын­ша құрылыс секторы көмір­қыш­қыл газының 40%-ға жуығын шығарады. Иммерсивті технологиялар жобадағы проблемаларды болжауға және дизайнды оңтайландыруға көмектесе алады.

Баламалы ақуыз

Ауыл шаруашылығы саласын­дағы ғылыми жаңалық соя сияқты ақуыздардың өндірісіне байланыс­ты. Соя өндірісі ормандардың жойылуына, биологиялық әртүр­ліктің жоғалуына, парниктік газдар шығарындыларының артуына әкелуі мүмкін. Сондықтан бір жасушалы ақуыздардан, балдырлардан және тамақ қалдықтарынан алынған ақуыз негізіндегі мал азықтары ауыл шаруашылығы саласы үшін экологиялық орнықты шешім болады. 

Гендік инженерия 

CRISPR-Cas9 сияқты генетикалық манипуляциядағы соңғы жетістіктер адамдарға ген­дік-инженерлік органдарды сәтті имплантациялау денсаулық сақтау саласындағы елеулі алға жылжуды көрсетеді. Зертханалық зерт­теулердегі прогресс АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасына (U.S. Food and Drug Administration) екі тірі пациентке доңыз жүрегін (2022 және 2023 жылдары) және бір пациентке доңыз бүйрегін трансплантациялауға (2024 жылы) рұқсат етуіне мүмкіндік берді. Барлық үш трансплантацияның реципиенттері трансплантация­дан кейін қайтыс болғанымен, технология дамыған сайын зерттеу жетістіктері айтарлықтай жақ­сарады деп болжанады.