Неке шарты: бақай есеп пе, заман талабы ма?

Ulysmedia

Petrelli Previtera мәліметіне сүйенсек, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұр: 1000 адамға шаққанда 4,6. Былтыр елімізде 16,8 мың жұп ажырасқан. Шайқалған шаңырақтың көбеюі салдарынан ортақ мүлікті бөлісе алмай, сотқа жүгінушілер қатары да артқан. Заңгерлердің айтуынша, жолы екіге айырылған ерлі-зайыптының бірі екіншісіне артық үлес кетті деп әбден әуре-сарсаңға түсіп, жүйке жұқартып, жылдар бойы сот табалдырығын тоздырмаудың жалғыз жолы –  неке шартын жасау.

ulysmedia

НЕКЕ ШАРТЫ ДЕГЕН НЕ?

Ажырасқан ерлі-зайыптылардың мүлікті бөлісе алмау жағдайының алдын алу үшін өркениетті елдерде неке шарты жасалады. Қазақстан заңнамасында да неке шарты бар.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 39-бабына сәйкес, неке шарты дегеніміз – некеге отыратын азаматтардың  немесе ерлі-зайыптылардың некедегі және ол бұзылған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім. Неке шартында некеде туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары да көзделеді. Аталған кодекстің  40,41-баптары негізінде әрбір ерлі-зайыпты неке шартын жасауға құқылы. Әрі бұл шартты олар кез келген уақытта өзгертуге немесе бұзуына болады.

НЕКЕ ШАРТЫ ҚАШАН ЖАСАЛАДЫ?

«Электрондық үкімет» порталындағы мәлімет бойынша, неке келісімшарты азаматтық хал актілерін тіркеу органына некені мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілген күннен бастап неке қию тіркелгенге дейін де, некеде тұрған кезеңдегі кез келген уақытта да жасалады. Неке қиылғанша жасалған неке шарты осы неке тіркелген күннен бастап күшіне енеді. Міндетті түрде ол жазбаша болуы тиіс және нотариатта куәландырылуы қажет. Ерлі-зайыптылар неке шартымен еліміздің қолданыстағы заңнамаларымен белгіленген бірлескен ортақ меншік режимін өзгертуге, барлық мүлкіне, оның жекелеген түрлеріне немесе әрқайсысының мүлкіне бірлескен, үлестік немесе бөлек меншік режимін белгілеуге құқылы.

ШАРТТА НЕ ҚАМТЫЛАДЫ?

Заңгер Мұхамедияр Нұрғалиұлының айтуынша, неке шартының артықшылығы – болашақ ерлі-зайыптылар некеге тұрған кезде қандай да бір мүлік алатын болса, олар ажырасқан кезде немесе қандай да бір жолмен неке бұзылса, үй, көлік, техника мен әшекей заттар кімге және қандай үлесте тиесілі екені нақты пайыздық көрсеткішпен анықталады.

«Неке шарты жұбайлардың қолда бар мүлкіне және болашақтағы мүлкіне де қатысты жасалуы мүмкін. Неке шартында ерлі-зайыптылар бірін-бірі күтіп-бағу жөніндегі құқықтар мен міндеттерді, бір-бірінің табыстарына қатысу әдістерін, отбасылық шығыстарды атқару тәртібін анықтауға, неке бұзылған жағдайда әрбір жұбайға тиесілі болатын мүліктерді анықтауға құқылы. Неке шарты жұбайлардың әрекет қабілеттілігін немесе құқық қабілеттілігін, олардың арасындағы жеке мүліктік емес қатынастарды, балаларына қатысты құқықтарын және міндеттерін шектемеуі керек, яғни, ол ерлі-зайыптылардың құқықтары мен мүдделеріне қайшы келмеуі тиіс және отбасы туралы заң ережелеріне сәйкес болуы тиіс», - дейді маман.

НЕКЕ ШАРТЫ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙЛАРДА КҮШІН ЖОЯДЫ?

Заңгердің сөзінше, неке шартын орындаудан бір жақты бас тартуға жол берілмейді, сонымен қатар ерлі-зайыптының біреуінің талап етуі бойынша ҚР Азаматтық Кодексінің талаптарына сәйкес, сот шешімі негізінде өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Құжатты жарамсыз деп тану да аталған заңның көзделген мәмілелер жарамсыздығының негіздері бойынша толық немесе ішінара жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Неке шартын бірлескен келісім бойынша кез келген уақытта өзгертуге немесе бұзуға болады. Шартты бұзу немесе өзгерту нотариуста жеке басын куәландыратын құжаттармен және жылжымайтын мүлікке құқықты белгілейтін құжаттармен ерлі-зайыптылардың екеуінің де қатысуымен жасалады.

«Неке шартын жасау рәсімі ерікті, сондықтан егер ерлі-зайыптылар қаламаса, ол болмауы мүмкін. Біздің елімізде неке келісімшартын жасау міндетті болатын жалғыз жағдай – шетелдік ерлі-зайыптылардың бірі және ерлі-зайыптылар баспана сатып алуға ниет білдірген кезде. Себебі, Қазақстан заңнамасы бойынша басқа мемлекеттердің азаматтарының тұрғын үй жылжымайтын мүлігі мен жер учаскесіне иелік етуге құқығы жоқ, сондықтан шетелдікпен некеде тұрған қазақстандық пәтер немесе үй сатып алуы үшін ерлі-зайыптылар ерлі-зайыптылардың бөлек меншік режимі жазылатын шарт жасасуға міндетті. Мұндай жағдайда ажырасу кезінде тұрғын үй бірлесіп алынған мүлік ретінде бөлінбейді, бірақ біздің еліміздің азаматының меншігінде қалады және «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заң бұзылмайды», - деп түсіндірді Мұхамедияр Нұрғалиұлы.

МҮЛКІҢДІ ҚОРҒАУ ҰЯТ ЕМЕС

Заңгер неке шартын жасаудың маңыздылығы күннен күнге артып бара жатқанын айтты. Қоғамның да оған көзқарасы түзеліп келеді дейді.

«Бұрынғыдай неке шартын жасасқандарды махаббатсыз, бақай есеппен үйленді деп айыптау азая бастады. Өйткені бұл – заман талабы. Мүлкіңді, тірнектеп жиған табысыңды қорғау ұят емес. Мәселен, әйелі күн-түн демей жұмыс істеп, үйін, көлігін алып, балаларына жағдай жасаса, ал табыс таппайтын маскүнем немесе нашақор күйеуі ажырасқан кезде мүлік ортақ деп жартысын бөліп беруді талап етсе, әділетті ме? Әрине, әділетсіз. Сондықтан мәдениетті түрде, ортақ келісім негізінде ажырасу дағдысын қалыптастыру үшін неке шартын жасауды қалыпты тәжірибеге айналдыру керек», - дейді маман.

Мұхамедияр Нұрғалиұлы соңғы жылдар соттар қарауында ортақ мүлікті даулау жағдайлары көбейгенін атап өтті.

«Неке шартын жасауға жастар селқос қарайды. Осы күнге дейін мұндай келісімді жасауға көмектесу өтінішімен маған ешкім жүгінген емес, әріптестерімнен де бұл жөнінде ести бермеймін. Есесіне тәжірибемде ажырасу кезіндегі дүние-мүлікті бөлуге қатысты істер көп», - дейді заңгер.

Маман өз тәжірибесіндегі сондай істердің бірін айтып берді.

«Атырауда жас жұптың ажырасу процесін жүргіздім. Жігіт еңбекқор, бірнеше кәсіпті дөңгелетіп жүрген кәсіпкер. Кезінде шағын киім дүкенінен бастап, қазір ірі бизнестерді ұршықша иіріп отыр. Келіншегі жұмыс істемеген, үйде отырған. Ажырасуларына әйелдің опасыздығы себеп болғанына қарамастан, жалпы құны 700 млн теңгенің дүние-мүлкі теңдей бөлінді. Жігіт дауласқан жоқ, жоғалтқанымды қайта таба алам деп намысты жоғары қойды. Бірақ 350 млн теңгені қалтаға басқан экс-әйелі көңілдесіне тұрмысқа шыққанымен қоймай, баласынан айырғаны жанына қатты батты. О баста неке келісімшарты жасалып, опасыздық жасаушыға қомақты өтемақы төлету туралы талап қойылғанда, мұндай жағдай болмас еді», - дейді Мұхамедияр Нұрғалиұлы.