Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 30 мыңнан астам сотталған адам темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЖК басшысының орынбасары Жәнібек Баймағанбетов Қазақстанда сотталғандарды ұстауға бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынын айтты. Түрмеде отырғандардың жалпы саны 30 мыңнан асады. Сонымен қатар, тергеу изоляторларында тағы жеті мыңға жуық адам бар.
БІР АДАМҒА 7,5 ТЕҢГЕ
Баймағанбетовтың айтуынша, бір сотталған адамға тәулігіне 7,5 мың теңге жұмсалады. Қазақстанда 30 мың сотталған бар екенін ескерсек, оларға мемлекет күніне 225 млн теңге жұмсайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков брифингте кейінгі 4 жылда сотталғандар саны 7 мың адамға өскенін хабарлаған еді. Шенеунік мұны заңнамадағы өзгерістермен түсіндірді. Сондай-ақ, ол осы себепті тергеу изоляторларында орын тапшылығы бар екенін хабарлады. ҚАЖК басшысы бұл мәселені шешу үшін жаңа ғимараттар салынып жатқанын атап өтті.