Қосшы тұрғыны тур агенттігіне 1,3 млн теңгеге алданған

Әлихан Асқақ

Туристік жолдамаға қатысты алаяқтықты Ақмола облысындағы полицейлер тергеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

КӘДІМГІ АЛАЯҚТЫҚ

Шетелде жазғы демалысты жоспарлау кезінде Қосшы қаласының тұрғыны жағымсыз оқиғаға тап болды. Шілде айында ақмолалық азамат Instagram әлеуметтік желісінен шетелге тур сататындардың парақшасын байқап қалған.

Содан қызығушылық танытқан әйел өзіне және отбасына Түркияға 1 296 000 теңге тұратын тур алады. Сол күні өтініш беруші онлайн төлем жасаған. Ал сатушы жолдамалар клиенттің электрондық поштасына бір тәулік ішінде түсетінін айтқан.

ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

Алайда кейіннен ақмолалық тұрғын билеттерді де, ақшаны да алмаған. Алаяққа тап болғанын білген әйел Қосшы қаласының полиция бөліміне жүгінді.

Осы факті бойынша тергеушілер сотқа дейінгі тергеуді бастады, ал заттай дәлелдемелер ретінде хат-хабарламалар мен төлем туралы түбіртектер алынды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері аймақ тұрғындары мен қонақтарын интернет-дүкендер немесе әлеуметтік желілер арқылы кез келген тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде қырағы болуға шақырады. Анық-қанығына көз жеткізбей, үшінші тұлғаларға ақша аудармаңыз.