Ресей The Wall Street Journal басылымының тілшісі, америкалық Эван Гершковичты "шпионаж" айыбымен 16 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот процесі жабық өтті. Сот Гершковичты қатаң режимдегі түрмеге жіберуге үкім шығарды. Үкімнің алдында айыптау тарабы журналиске 18 жыл сұраған болатын.
Тергеушілер Гершковичті АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (CIA) тапсырмасымен әскери техника шығаратын және жөндейтін "Уралвагонзавод" туралы дерек жинады деп айыптаған. Ресей бұл зауыт жайлы ақпарат "мемлекеттік құпияға жатады" дейді. Журналист 15 ай бойы тергеу изоляторында қамауда отырған.
Гершкович өзіне тағылған айыпты мойындамайды және Ресейде тек журналистік қызметпен айналысқанын айтқан. Тергеу журналистің шпионажбен айналысқанына дәлелдерді жарияламады, тек Гершкович америкалық барлауға жұмыс істеді деген.
АҚШ билігі мен The Wall Street Journal істі қолдан ұйымдастырылған деп мәлімдеді. Ресей мен АҚШ билігіне жақын дереккөздер Мәскеу журналисті АҚШ түрмесінде отырған ресейліктермен алмастыру үшін ұстап отырғанын айтқан. Мәскеу мен Вашингтон адам алмастыруға дайын екенін мәлімдеген, бірақ нақты уақытын, кімдерді алмастыратынын айтпаған.
Гершковичтың ата-анасы КСРО-да туып-өскен, ал журналистің өзі 2018 жылдан бері Ресейде тілші болып жұмыс істеп жүрген. Ол ресми Мәскеу Украинаға соғыс ашып, әскери цензура енгізгенде де Ресейден кетпеген.