Отандық банктер Ресей бизнесіне төлем жасаудан бас тартып жатыр

Ілияс Бақыт

Ресей бизнесіне Орталық Азия банктері арқылы төлемдер жүргізуден бас тарту үлесі 30%-ға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz РБК-ға сілтеме жасап.

 

Коллаж: Ulysmedia.kz

Тасымалдау компаниялары дайындаған шолу бойынша, ресейліктердің төлемдеріне байланысты мәселелер Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қамтиды. Мысалы, төлемдер жүргізу орташа мерзімі екі аптаға дейін ұлғайып, маусыммен салыстырғанда шілде айында шамамен 15%-ға өсті.

Айта кету керек, қиындықтар Мәскеу биржасына санкциялар енгізілгеннен кейін басталған.

Ұлттық валюталармен есеп айырысу кезінде де мәселелер туындап жатыр. Әсіресе, Орталық Азия арқылы үшінші елдерге, соның ішінде Қытайға төлемдер нашар жүреді. Сонымен қатар, рубль және теңге бойынша есеп айырысу кезінде мәселелер аз.

Жыл басынан бері төлем агенттерінің орташа комиссиясы үш есе ұлғайып, қазір төлемнің мақсаты мен тауар санатына байланысты 3–11% құрайды.

Екінші реттік санкциялардан қорқатын серіктес банктер сомаларға шектеулер енгізіп жатыр. Мысалы, $10 мың төлемі өтеді, ал $50 мың төлемі өтпейді.

САНКЦИЯҒА ҰШЫРАҒАН МӘСКЕУ БИРЖАСЫ 

Маусымның ортасында АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын SDN тізіміне енгізді.

Мәскеу биржасы Қазақстан қор биржасының (KASE) ең ірі акционерлерінің бірі және оның 13,1% акциясына ие.

OFAC ресейлік сауда алаңымен операцияларды тоқтату лицензиясын 13 тамызға дейін берді. Бұл KASE мен Мәскеу биржасы арасындағы келіссөздер процесін жылдамдатты.