24 мың өтініш: Халықты алдаған 600-ден астам компания жазаланды

Сырым Қаржас

Адал емес компаниялардан зардап шеккен қазақстандықтардың өтініштері негізінде тексерулер саны алты есеге артты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Сауда және интеграция министрлігі 2024 жылдың алты айының қорытындысы бойынша жұмыс нәтижелері туралы баяндады. Баяндамада тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше тоқталды.

ШАҒЫМ 60%-ҒА ӨСКЕН

"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкерлері зардап шеккен қазақстандықтардың өтініштері негізінде 6 есе көп тексеру жүргізді. Бірінші жартыжылдықта 24 441 өтініш қаралды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 60% артық. Түскен өтініштер негізінде мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады", - делінген хабарламада.

600-ГЕ ЖУЫҚ ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛДІ

Осылайша, кәсіпкерлік субъектілеріне 570 тексеріс жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 620% құрады.

"Әкімшілік жауапкершілікке 648 субъект тартылды. Бұл өткен жылдан 4 есе көп. Қабылданған шаралар нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары 777 млн теңгеден астам сомаға қорғалды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсім 189% құрады", - деп нақтылады министрлікте.

ТАУАР ТУРАЛЫ ҚАЗАҚША МӘТІН ЖАЗБАҒАН, ҚҰРАМЫ СӘЙКЕС КЕЛМЕГЕН

Сондай-ақ, сүт, кілегей, айран, сары май, күнбағыс майы, сүзбе, ірімшік, құс еті, балық еті және шұжық өнімдерін қоса алғанда, 681 өнім түрін зерттеу туралы хабарланды.

"405 түрі бойынша (59,5%) бұзушылықтар анықталды. Өнімнің 337 түрі бойынша таңбалау бөлігінде бұзушылықтар анықталды (тауар туралы ақпараттың мемлекеттік тілде болмауы және басқа да бұзушылықтар), бұл бұзушылықтардың жалпы санының 83,2% құрайды. Өнімнің 68 түрі бойынша құрамның сәйкес келмеуі, жарамдылық мерзімі өткен тауарды сату, қажетті құжаттардың болмауы анықталды", - деді министрлік өкілдері.

Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында, Жетісу мен Ұлытауда 12 түрлі өнім бойынша сәйкестік декларациялары жойылды және тоқтатылды.