«Барыс» хоккей клубының бас бапкері Михаил Кравец «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы хабарға әзілмен жауап берді. Бапкер бұл жаңалықты матч басталардан аз уақыт бұрын естігенін айтып, енді хоккей клубы демеушілердің қолдауынсыз қалмаса екен деп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
«Барыс» «Адмиралды» жеңгеннен кейін журналистер Кравецтен хоккейшілер қор басшылығына қатысты жағдайды талқылады ма және команданы қаржыландыруда қиындықтар туындамай ма деп сұрады. Бапкер Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңында шашылған ақшаға қатысты әзілмен жауап берді.
– Біз бұл туралы білгенде, бәлкім, бәріміз шабадандарды лақтырған жерге барар едік. Бұл дұрыс шешім болар еді. Ал біз жаттығуға кеттік, сәл басқа жаққа бет алыппыз. Маған бұл туралы ойын алдында айтты. Мен «біз басқа іспен айналысып жүр екенбіз, шабадандарды қағып алуымыз керек еді» дедім, – деп келтірді Кравецтің сөзін Sports24.kz.
Бапкер клубтың қаржыландырылуына қатысты пікір білдірді. Ол Қазақстанның Құрлықтық хоккей лигасындағы жалғыз өкілі саналатын командаға демеушілердің қолдауы алдағы уақытта да қажет екенін айтты.
– Меніңше, демеушілердің қолдауы қажет. Ең бастысы, бұл тек команданың қолдауы емес. Өйткені команда бар, белгілі бір деңгейде ойын көрсетеді, соның арқасында адамдар ләззат алады. Бұл ақша тек команда үшін емес, осынша жанкүйердің ойынға келуі үшін де қажет. Оларға алғысым шексіз. Бүгін жеңіске жеткенімізге қуаныштымын, – деді Михаил Кравец.
Мән-жай
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжан Өтінішевтің ұсталғаны туралы ақпарат елдегі ең ірі мемлекеттік холдингтің жұмысына деген назарды күшейтті. Қор триллиондаған теңгенің активін басқарып, ондаған ұлттық компанияның жұмысын үйлестіреді әрі олардың инвестициялық бағытын айқындайды.
Сонымен бірге қор басшыларына төленетін миллиондаған сыйақы мен активтерді басқару тиімділігі де жиі сынға қалады. Ulysmedia.kz қордың басшылығында кімдер отырғанын, топ-менеджерлердің қанша табыс табатынын және сарапшылардың «Самұрық-Қазына» басқару жүйесін неге қайта қарау қажет деп санайтынын зерделеп көрді.