Ресейде Булгаков қамауға алынды

Әлихан Асқақ

Ресей Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары генерал Дмитрий Булгаков ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Бұл туралы тергеу комитеті хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Булгаковтың қамалуына сыбайлас жемқорлық себеп болған. ТАСС генерал Мәскеудегі "Бутырка" уақытша изоляторына орналастырылды деп жазады.

Қорғаныс министрлігінде Булгаков материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жауапты болды. Ол 2008 жылдан 2022 жылға дейін Министрдің орынбасары қызметін атқарды. 2016 жылы оған Ресей Батыры атағы берілді.

Бұған дейін үлкен көлемде пара алды деген күдікпен Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Тимур Иванов пен Министрліктің персоналды басқару бөлімінің бастығы генерал-лейтенант Юрий Кузнецов ұсталған болатын.

Ал мамыр айында Бас штаб бастығының орынбасары Вадим Шамарин ұсталды. Ол сондай-ақ үлкен пара алды деген күдікке ілінген.

17 мамырда генерал-майор Иван Попов ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Запорожье бағытында қоршаулар салуға бөлінген 1700 тонна металды ұрлады деген күдікпен ұсталған. Шілде айының ортасында ол үй қамауына шығарылды.