8 жыл отасқан ерлі-зайыпты ажырасып кеткен соң балаларды қамқорлыққа алу мәселесін сот арқылы шешкен. Оған келіспеген соң, апеляциялық шағым түсіп, нәтижесінде істі Жоғарғы сот қараған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бірінші сатыда сот 5 және 9 жастағы қыздар әкесімен тұруы керек деп шешкен. Ал анасынан барлық табысының үштен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген. Ол бұл ақшаны балалардың әкесіне олар кәмелетке толғанға дейін ай сайын беріп тұруға тиіс.
Апелляция бұл шешімді өзгертіп, балаларды анасына қалдыру туралы шешім қабылдаған. Оның пайдасына әкесінен алимент өндірілген.
Бұл іске Жоғарғы сот коллегиясы араласып, апелляциялық инстанция шешімін өзгертті. Осылайша балалар әкесімен қалып, аналары алимент төлейтін болды.
"Жоғарғы сот алқасы балалардың анасымен тұруы олардың мүдделеріне қайшы келетінін атап өтті. Отбасындағы жанжалдар әйелдің ішімдік ішуі және балаларға күтім мен қамқорлықтың болмауына байланысты туындаған. Бұл туралы куәгерлердің айғақтары дәлел болды. Бірінші саты сотында қыздардың туғаннан бері әкесімен тұратыны, бұл олар үшін әдеттегі жағдай екені анықталды. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін анасы қыздарын өзіне алып кетпеді. Олар әлі де әкесімен тұрып жатыр. Сонымен қатар, анасы оларды көруге бармаған, мектептегі іс-шараларға және ата-аналар жиналыстарына қатыспаған, қыздардың өмірімен қызықпаған", - делінген хабарламада.