Ұлттық қор: 6,9 млн баланың тек 13 мыңына ақша аударылды

Аян Өрібай

Үкімет «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Үкіметте не дейді

2024 жылдың ақпан айында қазақстандық балалар Ұлттық қордан алғашқы төлемдерді алған. Президент бастамашылық еткен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі балалардың жинақтаушы шоттарына аударуды көздейді. Оларды пайдаланудың негізгі бағыттары – тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім алуға ақы төлеу.

Былтырғы заң

Былтыр әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибені ескере отырып, тиісті заң қабылданып, оператор ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры анықталған еді.

Биыл қанша ақша аударылды

Биыл 18 жасқа толған балаларға $100,05 есептелді. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны 6,9 млн адамды құрады. Аударымдарды egov.kz платформасы мен enpf.kz сайтынан бақылауға болады.

16,6 мың өтінім

БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 1 шілдеге қарай тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім беру ақысын төлеуге 16,6 мың өтінім берілді, оның ішінде 13 мыңға жуығы жалпы сомасы $1,3 млн-ға орындалды. Балаларға келесі қаражат есептеу 2025 жылдың ақпанына жоспарланған.