Ернар Жанәділ АХҚО әкімшілігінің басқарма басшысы болып тағайындалды

Сырым Қаржас

Ернар Жанәділ Астана халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасы болып тағайындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Толығырақ

Директорлар кеңесінің шешімімен Ернар Жанәділ бұл лауазымды 2024 жылы 12 тамызда бастап атқарады. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұровтың айтуынша, Ернар Жанәділдің кәсібилігі орталықтың одан әрі дамуына ықпал етеді.

– Біз АХҚО Әкімшілігі басшысының лауазымына осындай жоғары деңгейдегі менеджердің келгеніне қуаныштымыз. Ернар Жанәділдің тәжірибесі мен кәсібилігі қаржы орталығының одан әрі дамуына, қатысушылардың белсенділігінің артуына және елге инвестициялар ағынына ықпал ететініне сенімдімін, - деді Бектұров.

Сондай-ақ, ол АХҚО әкімшілігі басқарма басшысының міндетін атқарушы Темірлан Мұханбетжановқа жемісті жұмысы және орталықтың дамуына қосқан көпжылдық үлесі үшін алғысын білдірді.Т.  Мұханбетжанов АХҚО әкімшілігінің директорлар кеңесінің мүшесі ретінде жұмысын жалғастырады. 

Ернар Жанәділ

Ернар Жанәділ – стратегиялық және бизнес-жоспарлау, бизнесті және инвестицияларды дамыту (тікелей және портфельдік), активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау, қаржылық менеджмент және өтімділікті басқару, аудит саласында 17 жылдан астам тәжірибесі бар басқарушы және кәсіби маман.  

– Бірқатар қазақстандық және шетелдік компанияларда, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қорында түрлі позицияларда жұмыс істеді. "Самұрық – Қазына" қорында экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор – басқарма мүшесі рөлінде қаржылық тұрақтылықты жақсарту және қор тобы компанияларының борыштық жүктемесін төмендету бойынша жұмыс істеді. Даму және жекешелендіру жөніндегі Басқарушы директор рөлінде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясын IPO-ға шығарды, қордың бірқатар басқа компанияларын жария нарыққа дайындады. Елге халықаралық инвестицияларды тартумен белсенді айналысты. Былтыр Qazaq Green Power plc жария компаниясының бас директоры болып жұмыс істеді, онда халықаралық корпорациялармен бірлесіп электр энергетикасы саласында ЖЭК-тің бірқатар инвестициялық жобаларын сәтті жүзеге асырд", - деп хабарлады АХҚО. 

Білімі

Ернар Жанәділ Колумбия бизнес мектебінде, Колумбия университетінде (АҚШ) және Лондон бизнес мектебінде (Ұлыбритания) EMBA бағдарламасын бітірген. Манчестер бизнес мектебінде (Ұлыбритания) "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқыған. Халықаралық кәсіби сертификаттары бар. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты сұхбатқа тартқан еді. Ренат мырза өз жұмысынан бөлек, қазақ тілінің тағдырына да қатысты өз ойын айтты. Бес бала тәрбиелеп отырған әке ретінде қазақ тіліндегі әдебиеттерге көңіл бөлу маңыздылығын атап, ал келешекте қазақ тілі бизнес пен технологияның тілі болады деген пікірін жеткізген болатын.