Қазақстан құрама командасы Олимпиядағы жарысын түйіндеді

Сырым Қаржас

Еліміздің ұлттық олимпиадалық құрама командасы Парижде өтіп жатқан төртжылдық ойындарының жарысын аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰОК

Отандық спортшылардан соңғы болып бүгін еркін күрес бойынша боз кілемге көтерілген Әлішер Ерғали (97 келі) жұбаныш белдесуінде ирандық палуан Амир Али Азарпирге жол беріп қойды. Сөйтіп ол қола жүлдеге қол жеткізе алмай қалды. Осылайша ел құрамасынан соңғы болып жарысты аяқтады. 

Айта кетсек, Париж Олимпиадасында қазақстандықтар 25 спорт түрінен 92 жолдамаға ие болған еді. 

Ел құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен әзірше 41 орынға тұрақтап тұр.

Париж Олимпиадасы бүгін мәресіне жетеді. Салтанатты жабылу рәсімі Астана уақытымен 23:00-ге жоспарланған.

Ойындардың жабылуын тікелей эфирден 23:15-те JIBEK JOLY, Qazaqstan, Qazsport және Хабар телеарналарында көруге болады.