Аудит қорытындысы: Назарбаев мектептері не деп жауап берді

Сырым Қаржас

Назарбаев Зияткерлік мектептері ұйымы Жоғарғы аудиторлық палата бүгін жариялаған мемлекеттік аудит қорытындысына байланысты түсініктеме таратты, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Палата не дейді

Жоғары аудиторлық палатада Назарбаев Зияткерлік мектептері қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы шығарылған еді. Ресми есепке сүйенсек, 2019-2023 жылы дербес білім беру ұйымында бюджет қаражатының пайдалану тиімділігіне талдау жүргізілген. Жалпы есепті кезеңде Назарбаев Зияткерлік мектептері жұмысына бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 22 млрд теңгеден астамы тәжірибені таратуға қаралған. Дегенмен бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлау жүйесінде НЗМ рөлі нақты айқындалмаған. Палатаның толық аудит қорытындысын мына сілтемеден оқи аласыз.

НЗМ түсініктемесі

Іле-шала НЗМ аудитің қорытындысына түсініктеме таратты. Ұйымның хабарлауынша, бірінші кезекте, Жоғары аудиторлық палата мүшелері қол жеткізген оң нәтижелерді атап өткен: тәжірибелі мамандар мен кәсіби педагогтерді қамтитын бірегей білім беру экожүйесі құрылған. Бірегей оқу бағдарламалары мен бағалау жүйесі жасалып, оқу ресурстарының базасы қалыптасты, тиімді оқыту әдістері енгізілді, ғылыми зерттеулер жолға қойылған.

– Сондай-ақ тексеріс нәтижелері бойынша Қазақстанның заңнамасын бұзу, ұрлау немесе мүлік жетіспеушілігі фактілері анықталған жоқ. Мемлекеттік аудит ДББҰ қызметінде анықтаған кемшіліктердің басым бөлігі рәсімдік сипатта және қаржы-шаруашылық пен ұйымдастырушылық жұмыстарына қатысты болып, мектептердегі оқу процесіне әсер етпейтіні атап өтілді. Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата анықталған кемшіліктерді пысықтауды және жоюды тапсырды, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты НЗМ ДББҰ мемлекеттік аудиттің ұсыныстарын ескере отырып, жұмысты жақсартуға бағытталған кешенді шараларды іске асыру жоспарын әзірлеуде және алдағы уақытта рәсімдік қателіктерді барынша азайту шараларын қабылдап жатыр.

Қаражат жайлы

НЗМ, біріншіден, қаржылық бұзушылық ретінде көрсетілген 274,4 миллион теңге көлеміндегі қалпына келтірілуге тиісті сома бухгалтерлік есептегі қателіктерге қатысты және аудит барысында түзетілгенін хаьарлайды. Екіншіден, НЗМ әзірлеген оқулықтарды жалпы білім беретін мектептерге енгізуге қатысты оқулықтарды шығару бойынша жұмыс 2016 жылы басталғанын атап өтеді. Оқулықтарды әзірлеуге авторлар ретінде Қазақстанның жоғары білікті және үлкен педагогикалық тәжірибесі бар үздік тәжірибелі мұғалімдері тартылады, олардың интеллектуалды еңбектерінің нәтижелері шығарылған оқулықтарда баяндалып, бірнеше жыл бойы еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері, оқушылары және олардың ата-аналары тарапынан оң пікірлер алады. Сонымен қатар оқулықтарды сараптау және орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар тізімін қалыптастыру бейінді министрліктің құзыретіне жатады. Маңыздысы, НЗМ ДББҰ оқулықтарды әзірлеуде республикалық бюджет қаражатын пайдаланбай, өз қаражаты есебінен жүзеге асырған.

– Үшіншіден, мемлекеттік аудиторлар 16,4 млрд теңгені, оның ішінде тиімсіз жоспарлаудың салдарынан пайда болған 8,3 млрд теңгені игерілмеген қаражат деп таныды. Бұл сома пандемия кезінде еліміздің педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстарының, олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың және басқа да іс-шаралардың, сондай-ақ оқу жетістіктерін бағалау рәсімдерінің онлайн форматқа ауысуына байланысты үнемделді. Сондай-ақ барлық бағыт бойынша бастапқы жоспарланған нәтижелер толық іске асырылғанын атап өткен жөн. Мысалы, НЗМ ДББҰ пандемия кезінде жалпы білім беретін мектептердің 78 мыңнан аса педагогіне біліктілікті арттыру курстарын өткізді, – делінген түсініктемеде.

Ашық тендерлер

НЗМ аудиторлық қорытындыда 10,5 млрд теңге көлеміндегі сатып алуларға қатысты бұзушылықтар рәсімдік сипатта болып, сатып алулар нәтижесіне әсер етпегенін хабарлайды. Мысалы, аталған соманың басым бөлігі конкурстағы жағдаймен байланысты, онда әлеуетті жеткізуші нотариустың тіркеу нөмірінсіз нотариалды куәландырылған құжаттарды ұсынған. Алайда нотариустың тіркеу нөмірі бірыңғай электронды базада тіркелген және құжаттың шынайылығы расталған.

– Аудиттың тауарлардың жоғары құны бойынша сатыр алу туралы қорытындылары жеткізу, монтаждау, іске қосу-баптау жұмыстары, бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату сияқты шығындарды, сондай-ақ жеткізушілердің басқа да шығындарын ескермейді. Конкурстық рәсімдер НЗМ ДББҰ тарапынан орталықтандырылған түрде өткізіледі, нәтижесінде тауарлар 17 аймақ және 3 қаладағы 21 мектепке жөнелтіледі. Тауарлардың құны өндірушілер мен олардың дистрибьюторларының коммерциялық ұсыныстарына негізделіп жоспарланады. Соңғы баға сатып алу ережелеріне сәйкес кемінде екі жеткізуші қатысатын ақпараттық порталда өткізілетін ашық тендерлердің нәтижелері бойынша анықталады.

Банк шоттарындағы қалдықтар ақылы қызметтерден, демеушілік және қайырымдылық көмектерден, сондай-ақ шығындарды үнемдеуден жиналады. Бұл теңгерімдерді Қамқоршылық кеңес Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бюджетін бекіту кезінде ескереді, – делінген түсініктемеде.

Ескертулер

Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі НЗМ ДББҰ-ның рөліне қатысты ескертулерге тоқталған НЗМ білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуда жетекші платформасы саналатынын, «NIS-Programme» білім беру бағдарламасын Қазақстанның 23 жоғары оқу орны, 67 халықаралық университет және 9 халықаралық ұйым мойындағанын, сондай-ақ әлемге танымал A-, AS-Level, O-Level және IB-Programme бағдарламаларымен тең дәрежеде тұрғанын хабарлайды. Дәл осы бағдарлама 2016 жылдан бастап еліміздің барлық мектебіне жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуге негіз болды, оның тиімділігі PISA-2022 нәтижелерімен расталған.

– Осы уақытқа дейін НЗМ ДББҰ елімізде 280 төл бағдарлама бойынша 330 мыңнан астам педагогке біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды. Мұғалімдерді әдістемелік қамтамасыз ету үшін бірегей «Жүйелік-әдістемелік кешен» онлайн платформасы жасақталды. Онда 440 мыңнан астам пайдаланушы тіркелсе, 110 миллионнан аса түрлі оқу-әдістемелік материалдар жүктелген. 2020 жылы «Online Mektep» жобасы іске қосылды, онда 26 мыңнан астам сабақ пен 550 мың тапсырма енгізілді. Бұл жоба пандемия кезінде елдегі миллиондаған білім алушыны оқытқан жалғыз ресурс болды, – делінген түсініктемеде.

НЗМ жинақталған тәжірибесін орта білім беру жүйесіне тарату бойынша қызметін одан әрі кеңейтуді көздейтінін хабарлайды.