Неке мешітте қиылмаған – ҚМДБ Абай Бегейдің 9 сынып бітірген қызының тұрмысқа шығуы жайлы

Сырым Қаржас

ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі танымал әнші Абай Бегейдің ортаншы қызы Сымбат Абайқызы неке қиғаны жөнінде ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kzс

ҚМДБ НЕ ДЕЙДІ

– Неке қию рәсімі мешітте болмағаны анықталды. Мешіт имамдары кәмелет жасқа толмаған қыздың некесін қимаған. Мешітке келіп, құлшылық үйін аралауға, ауласында суретке түсуге шектеу қойылмайды. Жастардың мешітке келіп, естелікке суретке түскені белгілі болды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған «Мешіт имамдарының неке қию тәртібі» құжатына сәйкес отбасы құрғысы келетін азаматтар әуелі АХАТ бөлімі арқылы заңды некеге отыруы тиіс. Нике қию рәсіміне болашақ ерлі-зайыптылардың ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері қатысуы міндетті. Діни некеге ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімі керек. Олай болмаған жағдайда мешітте діни неке қиылмайды, – делінген ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы таратқан ақпаратта.

Бұл туралы әуелі Абай Бегейдің зайыбы Фариза Жұманова Instagram-дағы парақшасында айтты.

ӘНШІ ҚЫЗЫН АЛЫП КЕТКІСІ КЕЛГЕН

Оның айтуынша, Сымбатты алып қашып кеткенін естіген кезде Абай Бегей қызын алып кеткісі келген болған. Бірақ әнші қызының таңдауы кім болғанын көріп, онымен танысқаннан соң батасын берген. 

Неше күннен бері сіздерге айтуға енді уақыты келген сияқты. Отбасымызда тіптен ойламаған жағдай болып, барлығымыз абдырап қалдық. Ақтауға отбасымызбен демалып келеміз деп, ұшуға бір-ақ күн қалғанда, «үйдің ортаншы қызы Сымбатты алып қашып кетті», деген хабар жетті, – деді ол.

«ДҰРЫС АДАМДАР ЕКЕН. БАТАМДЫ БЕРЕМІН»

Содан кейін ол әкесінің қызына ақ батасын бергенін айтты.

Барлығымыз Алматыдамыз. Ақтаудан нағашы апаларын жіберіп, қызды бірден алып кеттік. Не үшін? Бұл жерде ешқандай менсінбеушілік немесе қарсылық танытқанымыз емес, әкесінің талабын орындау болды. Әкесі «Қандай ел екенін, ата-анасын, жігіттің өзін көрмей ешқандай қызымды бермеймін», деді. Сол күні бірден Ақтаудан Алматыға жігіттің ата-анасы, ауыл үлкені келіп, әкесінің алдынан өтіп, уәделерін беріп, рұқсатын сұрады. Әкесі де өз ауылымыздың үлкендерімен ақылдаса, екі күн ойлана келе, «Келген ел –  көргенді, жөні түзу, сөздері дұрыс адамдар екен. «Қызымның таңдауын құрметтеймін! Маңдайына жазып тұрса, бағы болсын» деп ақ батасын берді», –  деп жазды Фариза Жұманова. 

Ол «Жол мұраты - жету, қыз мұраты – кету» демекші, осылайша Табынай ауылы Бегей ауылының қызын алғалы отыр, деп сөзін аяқтады.

Елімізде қызды алып қашу оқиғасы жиілеп кеткені сонша, танымайтын адымды да күштеп алып қашып жатқандар бар. Мысалы, қаңтар айының ортасында Маңғыстау облысының 22 жастағы тұрғыны Шымкентке арнайы келіп, қызды қалыңдық ету мақсатында ұрлап кеткен болатын. Қызығы сол, екеуі бір-бірін танымайды. Содан күдікті қамауға алынды.