Қазақстан мен Тәжікстан Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қояды

Қалижан Бектемір

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.

«Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз алға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар – ынтымақтастығымызды дамытуға тың серпін беруді көздейді. Бүгін Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылады. Меніңше, бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы орайда бірқатар өзекті мәселе бойынша мазмұнды пікір алмасамыз деп ойлаймын», - деді Қазақстан Президенті.

Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Елімізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығымыз қарқынды дамып келеді. Сізбен екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға әзірмін», - деді Тәжікстан Президенті.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары қарастырылды.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Тәжікстан республикасына мемлекеттік сапармен барған болатын.