Шай немесе қалам болсын, журналист сыйлық алмауы керек - Тамара Калеева

Аян Өрібай

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық қордың жетекшісі Тамара Калеева әкімдік өкілдерінің журналистерге дастархан жаюы, олардың сый-сияпат таратуы заңсыз екенін, алайда бұл мәселе біздің елде реттелмей келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Егер өткен заманға қарайтын болсақ, бұл – ескі дәстүр: журналистер бұрын баспасөз-ланчтеріне шақырылып, оларға баспасөз мәслихаттары кезінде тәтті-дәмді берілетін. Тоқсаныншы жылдарда сондай еді. Алайда журналистика стандарты туралы айтар болсақ, Қазақстанда этика кодексі қаншама рет дайындалғанымен тілшілерге келгенде бұл сала реттелмеген. Әйтсе де аталмыш мәселе көптеген елдің журналистік этикасында қамтылып қойған. Ең бірінші кезекте, Еуропа елдері мен АҚШ-та. Ол елдердің ережелерінде шағын шай немесе автоқалам, ұшақпен қатынау болсын – «қандай сыйлық болмасын, журналиске оны пайдалануға болмайды» деп жазылған. Оған дамыған елдерден жол берілмейді», - деді Ulysmedia.kz порталының тілшісіне Тамара Калеева.

Сарапшы журналистердің кейбірінің бұған наразылық білдірмей, оны қуана-қуана қабылдағанын өкінішті жағдайға теңеді.

«Біздің журналистерде өзіндік ар-намысы, өз кәсібіне деген қамқорлығы болмаса, бұл үрдіс әлі де ұзақ уақыт сақтала береді. Сіздердің порталдарыңыз бірінші болып көп жылдан бері осы мәселені көтеріп отырғанына қуаныштымын», –  дейді Тамара Калеева.

Халықаралық қор жетекшісі кейбір тілшілердің осы жайылған дастарханды қолдап-қолпаштап отырғанына қатысты да пікірін білдірді. Тамара Калеева Орталық коммуникациялар қызметінің мамандары секілді онда келген журналистер де шай-тамағын сырттан ішіп жүре алатынын еске салды.

«Бұл – тоқсаныншы жылдардың «дәстүрі». Журналистер заманның қиын кезінде шұжық пен тәтті-дәмдіні осындай жиындардан ғана көрген шақтар болған. Олар бұл дастарханды қамқорлық ретінде де қабылдаған. Алайда одан бері де 30 жыл өтіп кетті емес пе?! Қазір жағдайды өзгерту керек», – деп атап өтті ол.

Тамара Калеева белгісіз адамдардың Ulysmedia.kz тілшісінің сыртынан фотосуретке түсіруін құптамайтынын, оған қатысты жазылған пікірлердің тіл тигізу, жала жабу сипаты болса тіркеп, әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғауға болатынын мәлім етті. Әлбетте, бәрі сондағы пікірлердің мазмұнына байланысты.

«Сіздер көтеріп отырған мәселе – медиадағы қайта жаңғырған, 20 жылдан бері ұмытылып кеткен тақырып. Дәл қазір осы мәселені көтеретін уақыт келді. Әйтпесе ұйымдардың бәрі өз жұмысын жүргізеді де, қаптаған кодекс олардың жұмысын реттемейді. Ал бұл мәселе бірде-бір жерде реттелмеген», –  деп түйді Тамара Калеева.

Еске сала кетсек, 19 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бір сағатқа созылған баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерге дастархан жайған болатын. Әкім журналистерді ешкі сүтін де берген. Алайда осы қонақжайлық журналистер ортасында қызу талқыға түсіп жатыр. Бірі әкімнің әрекетін қолдаса, екіншісі бюджет қаражаты мұндай бағытта жұмсалмауы керектігін айтады.