Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов армия қатарындағы өлім мен мертігу мәселесіне тереңірек үңілгісі келмейтін сияқты. Ол мұндай жағдайлар бойынша статистиканың төмендеп бара жатқанын атап көрсетеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қорғаныс министрлігі көбінесе әскери қызметшілер қатарында өлімді азайту үшін әртүрлі шараны қабылдауға баса назар аударылып жатқанын хабарлайды, соған қарамастан БАҚ-та қаза тапқан немесе мүгедек сарбаздардың туыстарының зар күйі жиі жарияланады. 2020 жылдан бастап Қазақстанның 270 әскери қызметшісі қаза тапқаны белгілі: 2020 жылы – 78 әскери қызметші, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 11. Өлім сепептерінің 36% аурудан, 24% көлік апаттары салдарынан, 20% суицидтен. Қорғаныс министрі Жақсылықов журналистерге манипуляция жасауға тырысып, сандарды айтпай, өлім жағдайларын азайту жөнінде баса айтуға тырысады.
– Қазақстанның Қарулы күштерінде заңбұзушылық та, әскери қызметкерлердің өлім жағдайы да азайып келеді. Біз биылғы статистиканы брифингте келтіргенбіз. Ашық БАҚ-та ол мәліметтің бәрі тұр. Алайда мәселенің мәнісін түсінбейтін кейбір адамдар сол статистиканы аударғысы келеді, – дейді ол.
Отставкаға кетесіз бе деген сұраққа ол былай жауап берді.
– Менің жұмысыма бағаны жоғарғы бас қолбасшы береді. Әскери даярлық мәселелерді қоса есепке алғанда, басқа бағыттарда да Қазақстан армиясы қазіргі таңда кез келген мәселені шешуге дайын. Біз жұмыс істеп, кез келген тапсырманы орындап жүрміз, – деді ол.
Айта кетейік, жоғарғы бас қолбасшы – президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, армиядағы зорлық-зомбылық немесе өлім жағдайы елде жиі кездеседі. Суицидке итермелеу, ауыр дене жарақаттары, психикалық ауруға ұшырау – мұның бәрі Қазақстан Қарулы Күштерінде бар. Ulysmedia.kz бұл жөнінде мәселені көтеріп келеді.
Соғыс болып жатқан жоқ (оның бетін әрі қылсын), бейбіт заманда әскерге аяғымен аттанып, табытпен оралып жатқан қайғылы жайттарға жиі куә болып жүрміз. Әскердегі жоғары шенді азаматтардың бұл жағдайға бас қатырып жатпағанын да байқап отырмыз. Бас қатса, нәтиже қане? Ал әскерге шақыру науқанында отаншылдық туралы айтатын «уағыздары» ше? Олардың сөзі түйеден түскендей, майдалап, жаңқалап жатпайды.