Венгрияның билеуші «Тиса» партиясы парламентке қоғамдық медианы ауқымды реформалауға бағытталған заң жобасын енгізді. Бастаманың мақсаты – бұрынғы биліктің ықпалынан арылып, мемлекеттік ақпарат құралдарын тәуелсіз ақпарат көздеріне айналдыру, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚ-ҚА ЖАСАЛҒАН РЕФОРМА
Reuters агенттігіyнің жазуынша, Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр сайлауалды уәделерінің бірін орындауға кірісті. Медиа реформасы оның бағдарламасындағы негізгі тармақтардың бірі болған. Сәуір айындағы сайлауда «Тиса» партиясы сенімді жеңіске жетіп, ұзақ жыл билік құрған Виктор Орбанды биліктен шеттеткен еді.
Заң жобасына сәйкес, қазіргі уақытта барлық мемлекеттік медиаресурстарды басқаратын MTVA холдингі бөлінеді. Радио мен телеарналар бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ MTI ұлттық ақпарат агенттігінің дербес қызметі қайта жанданады. Бұл ақпараттық ықпалдың бір орталыққа шоғырлануын болдырмауға бағытталған.
Реформаның негізгі бағыттары:
БАҚ БАСҚАРУЫНДА ТЕПЕ-ТЕҢДІК САҚТАЛАДЫ
Жаңа жүйеде үкіметтің бұқаралық ақпарат құралдарына ықпалы айтарлықтай шектелмек. Қоғамдық медиа комитетінде билік пен оппозиция өкілдері тең мөлшерде орын алады. Сонымен қатар оның құрамына тәуелсіз журналистер міндетті түрде енгізіледі.
Заң жобасына сәйкес, ешбір тарап редакциялық саясатты жеке дара айқындай алмайды. Медиа кеңестің құрамы да теңгерімді негізде жасақталады.
Барлық шешімдер ашық жарияланып, мүдделер қақтығысына қатысты талаптар қатаңдатылады.
ҚОҒАМДЫҚ МЕДИАДА КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛАДЫ
Заң қабылданғаннан кейін қоғамдық медиа ұйымдарының қазіргі басшыларының өкілеттіктері тоқтатылады.
Өтпелі кезеңде бұл үдерісті Мәдениет министрі Золтан Тарра үйлестіреді. Алайда ол басшыларды жеке өзі тағайындамайды. Жаңа жетекшілер ашық конкурс арқылы іріктеледі.
«ТИСА» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨЗГЕ ДЕ БАСТАМАЛАРЫ
Бұған дейін Венгрия парламенті депутаттардың жалақы жүйесін өзгерту туралы шешімді бірауыздан дерлік қолдаған болатын.
Сондай-ақ премьер-министр Петер Мадьяр Украинамен Венгрия азшылығының құқықтарына қатысты келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина үкіметі заңнамаға келісілген өзгерістерді жақын арада енгізуге дайын.
Бұдан бөлек, Мадьяр Еуроодаққа кірмейтін елдерден келетін еңбек мигранттарының ағынын шектеу туралы қаулыға қол қойды. Осыған байланысты Виктор Орбан үкіметі енгізген еңбек мигранттарына арналған тұруға рұқсат беру бағдарламасы бойынша жаңа рұқсаттар енді берілмейді.