Төрт жылда тасы өрге домалаған жаңа министр туралы не белгілі

Қалижан Бектемір

Күні кеше Мемлекет басшысының жарлығымен Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды. Небәрі 4 жылда карьерасы күрт өскен шенеунік туралы әлеуметтік желі оқырмандары не деп жатыр? Соған үңіліп көрген едік, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

сурет ашық дереккөзден

ҚАЙ ЖАҚТЫҢ ТУМАСЫ

Ол 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институты Дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының ассистенті, жаттықтырушы-оқытушысы болып бастады.

2009-2014 жж. – Семей қаласының мемлекеттік педагогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы; меңгерушісі.

2006-2018 жж. – «Шығыс Қазақстан облыстық бұқаралық спорттағы жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ жаттықтырушы-оқытушысы.

2020 ЖЫЛЫ СЕМЕЙДЕН АСТАНАҒА КӨШЕДІ 

2018-2020 жж. «Қызылжар Арландары» спорт клубының директоры болып жұмыс істеді.

2020-2021 жж. – «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры.

2021 жылғы наурыз айынан бастап Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры болды.

2023 жылдың ақпанынан бастап Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

ОТБАСЫН ЖАСЫРМАЙДЫ

Әдетте шенеуніктердің көбі отбасын жасырын ұстағанды ұнатады. Мырзабосынов өйтпепті. Ресми отбасы бар екенін өмірбаянына бадырайтып жазып қойған. Әйелі – Айжан Мырзабосынова. Әлихан деген ұлы және Әмина есімді қызы бар. Абай туған өңірден болған соң ба, қазақшасы әжептәуір. Туризм саласын қайдам, ал спорттың кем-кетігін бір кісідей білетін болса керек. Әйтпесе кешегі “физруктың” министр дәрежесіне дейін жедел көтерілуі сирек жағдай ғой. 

Қысқасы, өзіне бағынышты салаларды қалай дамытатыны, нендей қадамдарға баратынын уақыт көрсетеді.  

“КІМНІҢ БАЛАСЫ НЕМЕСЕ ТУЫСҚАНЫ?”

Жаңа министрдің тағайындалуы желіде қызу талқыға түсті.

«Физрук туризмді басқарады», «Өте шапшаң өскен немесе өсірген... Әй, бірақ бұл маңызды емес! Ал бұрынғы қызметтерінде қандай нәтижелер болды ?», «Кімнің баласы немесе туысқаны?», «Ешнәрсе шешетін адамның түрі емес. Тек трамплин ретінде», «Кімнің баласы? Тез көтерілген екен», «Ол биодәретханалар мен ауылдарға апаратын жолдар жасайды, қазақстандық туризмді дамытуға жағдай жасайды деп үміттенемін», «Бұл кім? Геннадий Головкинді қою керек еді», - деп жазып жатыр желі қолданушылар.

Еске салсақ, бұған дейін Туризм және спорт министрлігін Ермек Маржықпаев басқарған еді.