Фостердің халыққа түкіргені бар, шулап жатсақ шай ішіп отыр – Базарбек

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек отандық әуе компанияларына берілген сертификаттарды қайтарып, оларға деген заңды күшейту керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Депутатқа сұрақ

– Сіз Мәжілістің жалпы отырысында әуе тасымалын жүргізушілерден ережелерді бұзғаны үшін сертификацияларды қайтарып алу бастамасын көтердіңіз. Көлік министрлігі бұл бастамаңызға қалай қарайды деп ойлайсыз? – деп сұрады журналистер Бақытжан Базарбектен Мәжіліс кулуарында.

Жауап

Бұл сұраққа жауап берген Бақытжан Базарбек осы оқиғалардан кейін Көлік министрі Марат Қарабаев жедел реакция білдіріп, авиация әкімшілігін тексеруге жібергенін айтады. 

– Реакциясын білдірді. Ол үшін рахмет айтып қояйын. Алайда осы жылдар бойы Көлік министрлігі мүлде жұмыс істемеген. Өйткені әуе компаниялары адамдарға солай қараған кезде мемлекет қандай да бір қатаң заңнаманы енгізу керек. Питер Фостер (Эйр Астана басшысы) Ұлыбританияда немесе Францияда біздегідей еркін жүре алмас еді. 

Адамдар наразылық білдіріп жолға шыға алмай отырған кезде Фостер жанымыздан өтіп кетті де, лаундж барға шығып, еркін шай ішіп отырды. Мен сол кезде жанына бардым. Бұл кісінің адамдарға түкіргені бар. Адамдар шулап, наразылық білдіріп, балалар жылап жатқанын көзімен көріп тұр. 4 сағат бойы ұшып кете алмай жатыр. Техникалық ақау бар шығар, иә! Бірақ адамдардың алдына шығу керек қой, – дейді ол.

Бақытжан Базарбек Питер Фостерді бір сағат бойы адамдардың алдына әкеле алмапты. 

– Мен оны мәжбүрлеп, жеткіздім. Адамдар оны қоршап алды. Фостердің көрсеткені – шетелдік топ-менеджердің нақты қарым-қатынасының көрінісі! Бұл – бүкіл Қазақстанның билігінің бетіне, заңына былш еткізген түкірік. “Сендер қандайсыңдар – заңдарың сондай, маған бәрібір” деп қарайды. Оларды бірақ қорғайтын ескі лобби жоқ қазір. Біз жағдайды өзгертуіміз керек, – дейді Бақытжан Базарбек.

Бұрынғы сессияда Мәжіліс депутаты болған Асқар Садықов «Air Astana» әуе компаниясына тиесілі ұшақтардың Қазақстанда емес, Ирландияда тіркелгенін айтып, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған еді.