Қазақстан ЕАЭО-да сүт техрегламенті талабын 3 жылға ұзартуды ұсынғалы отыр

Аян Өрібай

Қазақстан ЕАЭО-ның 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап сүтті бағытта күшіне енетін техрегламентті тағы үш жылға созу жөнінде ұсыныс әзірлеп жатыр. Бұл туралы Сенат брифингінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Шаққалиевтың пікірі

– Соңғы рет екі апта бұрын осы мәселені ведомствоаралық комиссияның қарауына шығардық. Мәселеге жан-жаққа қарап, қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі өз позициясын дайындап жатыр. Біздің әріптестеріміздің ойы – бұл талапты тағы екі-үш жылға шегеру керек. Бұл позиция қауымдастықтармен, ірі өндірушілермен тағы да ақылдасу керек. Олар қолдаса, онда біз осы позицияны Еуразиялық экономикалық комиссияға жеткіземіз, – деді Шаққалиев Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына берген жауабында.

Шаққалиев 2025 жылдан бастап техрегламент күшіне енсе, бұл Қазақстанның сүт өндірушілеріне тиімсіз болатынын айтады. 

– Себеп сол. Кейбіреулер бес жылға дейін ұзарту керек дейді. Сондықтан, талапты қарайтын боламыз, – дейді министр. 

Аққа жарытпаған агросаясат

Еске сала кетейік, сүт шаруашылығының өзекті мәселелерін бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі арнайы зерттеп жазған еді. 

Әлемде кейінгі жылдары болып жатқан геосаяси оқиғалар көршілес елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етпей қоймайды. Санкциялар салдары қалыптасқан тауар тасымалы желісін үзіп, бағытын өзгертті. Шығыс Еуропаға тасымалданып келген ресейлік азық-түлік өнімдері Қазақстан нарығын бетке алды: отандық ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде сүт өндірушілерге бұл фактор ауыр соққы болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында сүт өнімдері импорты 303,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның 77% Еуразия экономикалық одағы (ары қарай – ЕАЭО) елдерінен, 23% үшінші елдерден әкелінген. Бұл қазақстандықтар 9 айда ЕАЭО елдері мен үшінші елдерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы құйды деген сөз. Егер еліміздің сүт өнімдері нарығын отандық сүт өндірушілер қамтамасыз етсе, онда біз атаған қаржы ел экономикасына құйылар еді.