Павел Дуров Ресей мен БАӘ дипломатиялық көмегінен бас тартты

Сырым Қаржас

Мессенджердегі мазмұнды модерациялау мәселесіне байланысты Парижде қолға түскен Telegram негізін қалаушы Павел Дуров дипломаттардың көмегінен бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Politico басылымына сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Басылым Франция үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Дуров Ресей мен БАӘ елшіліктерінің көмегінен бас тартқанын жазды.

«Аталған адам ресейлік консулдық қорғаудан және БАӘ консулдығы өкілінің жолығуынан бас тартты, бірақ БАӘ елшілігін хабардар етіп отыруға келісті», - деді шенеунік.

«Біз бұл мәселе бойынша Франция билігімен және Павел Дуровтың өкілдерімен байланыстамыз», - деді басылымға БАӘ дипломатиялық миссиясының өкілі.

ДУРОВ ІСІ

Еске сала кетсек, 26 тамызда Париж прокуратурасы Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа айып тағылғанын хабарлады. Іс 8 шілдеде ашылған, онда «аты белгісіз адамға» қатысты 12 қылмыстық іс бар. Тағайындалған айыптардың ішінде билік органдарымен ынтымақтастықтан бас тарту, кәмелетке толмағандардың порнографиялық суреттерін иелену және таратуға қатысу, сондай-ақ есірткі құралдарын сатып алуға, тасымалдауға, сақтауға, өткізуге немесе беруге қатысу және т.б.