Атырау тұрғыны «танкпен» көше шөбін шауып жүр

Сырым Қаржас

Атыраулық жігіт әскери танк үлгісінде жасалған техникамен көшедегі арам шөпті шауып жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

 Бұл техника 15-20 адамның жұмысын атқарады. Атыраулық Бағытжан Досановта Қытайда шығарыллған мұндай техниканың екеуі бар екен.

«Жеке кәсіппен айналысып жүрмін. Биыл Атырау қаласының маңындағы Кеңөзек және Алғабас елді мекеніндегі көшеде өскен арам шөпті шабу конкурсына қатысқан едім. Бұл істі атқару үшін бірнеше адамды жұмысқа тарттым. Жұмысшылар арамшөпті «триммер» аппаратымен шапты. Аптап ыстықта арам шөпті шабу оңай емес. Оған тұрақты істейтін жұмысшыларды табу да қиын. Осындай себеппен, интернеттен шөп шабатын техниканы іздестірдім. Сондай екі техниканы Қытайға барып, сатып алып келдім», - дейді Бағытжан Досанов.

Оның айтуынша, ерекше техникада 200 аттың күші бар. Ал, салмағы – 400 келі. Пультпен басқарылатын бұл техникамен кез келген шөпті шабуға болады.