Қазақ жеріне 4 жасында Мәскеуден ата-анасымен бірге келген Мадина Оспанова Қазақстанда қалып қойғанына еш өкінбейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia.kz өзінің “Ауылға жол” жобасы аясында Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен етене танысып, адамдарымен емен-жарқын әңгімелесті. Кездесулердің бірінде тілшілер тобы қазақ жеріне 4 жасында ата-анасымен бірге Мәскеуден келген орыс этносының өкілі Мадина Оспановамен сұхбаттасты.
Мадина жергілікті қазақ жігітімен жұп жарастырып, бақытын Жаңаарқа жерінен тапқан екен.
“Әкем геолог болып осында іссапармен келген, сөйтіп бәріміз осында қалып қойдық. Кішкентайымнан қазақша сөйледім, қазақша оқыдым. Орысша білмеймін. Күйеуім екеуіміз жайлауда танысқанбыз. Ол да осы өңірдің тумасы”, дейді.
Жұбайымен тұрмыс құрғанына 28 жыл болған, бүгінде олардың 6 баласы, 8 немерем бар.
Кейінгі кезде ұлы Қарағандыға көшейік деп, ата-анасын көндіре алмай жүрген көрінеді. Туған жерден жырақтағысы келемейтін олар “Ауыл жақсы ғой”, деп бұл маңды тастап кеткісі жоқ.
“Тұрмысымыз жақсы, шүкір, осы күнге тәуба. Күйеуімнің мүгедектік арбасына отырып қалғанына 12 жыл болды. Кезінде құрылыста жұмыс істеген. Ол кісінің денсаулығына байланысты үйде қол қусырып қарап отыра алмай, жұмысқа шығып кеттім”, деген М.Оспанова қазір мектепте күзетші болып еңбек етіп жүр.
Мадинаның ата-анасы, туған бауырлары, туыстарынан ешкім қалмаған, бәрі қайтыс болған екен. Соңғы болып бір жыл бұрын Мәскеудегі ағасын жер қойнына тапсырыпты. Кезінде жұмыс бабымен келген ата-анасы осында қалып, өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ жерінде болған. Әпкесі де, осында отау құрып, дүниеден озған. Ал ағасы ғана Мәскеуге аттанып, тарихи туған жерлерінде шаңырақ құрыпты.
Ең қызығы Мадина Ресейден келіп, Қазақстанда қалып қойғанына еш өкінбейтінін жасырмады.