Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында Маңғыстаудағы «Оймаша» полигонында қаза тапқан сарбаз Марат Ерболұлы Барқұловтың денесі жер қойнауына берілгенін жазған едік. Ulysmedia тілшісі Самар ауылына барды. Ол ауылда 19 жастағы Марат Ерболұлы Барқұловтың жерлеу рәсімі өтті, ол қызмет кезінде «рұқсатсыз атылған оқтан» көз жұмған.
Әкесі баласының абайсызда өлім құшқанына сенбейді. Ол Қорғаныс министрінен бұл жағдайды өз бақылауына алып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етті.
“Бүгін баламды соңғы сапарға шығарып салдық. Көмектескен жандардың бәріне рақмет. Менімен бірге келген 5 офицер, 4 сарбазға рақмет. Барлық дәйектерді байыптап қарасақ бұл оқыс жағдай емес сияқты.Олар маған бұл оқыстан болған жағдай деді. Генералдың өзі хабарласып “оқыс жағдай болып, сіздің ұлыңызды бетіне атты” деді. Оны тергеу анықтайды,”- деді Мараттың әкесі.
Достары да Марат ақкөңіл, әділ болатын деп еске алды.
“Марат өзі кішкентайынан жүзі жарқын, ашық, ешкімге ұрынбайтын. Егер тиіссе аямайтын. Мықты, ірі бала. Қайтыс болар алдына достарына жазып шыққан. Дембель болам, келеміз, шулатамыз деген,”- дейді кішкентайынан бірге өскен досы.
Қаза тапқан сарбаздың ауылынан дайындалған арнайы репортажды инстраграмм парақшамыздан көре аласыздар.