Доллар болмайды – Қазақстан Ресей және Беларусьпен тек рубльмен есеп айырысқалы отыр

Аян Өрібай

Мәжіліске Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа мүше мемлекеттердің арасында кеден баждарының сомаларын аударуға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөнінде заң жобасы келіп түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

static.tildacdn.com

Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған төменгі палатаның қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева аталған заң жобасы Мәжіліске 2024 жылы 4 тамызда Үкімет қаулысымен енгізілгенін айтады.

– Бұл қорытынды ЕАЭО елдерінің ұлттық банктерінің қарама-қарсы міндеттемелерін айқындайды. 2022 жылдан бастап Ресей тарапы қарама-қарсы міндеттемелер бойынша АҚШ долларымен есеп айырысуды тоқтатты. Осыған байланысты аталған хаттамаға Ресей және Беларусьпен есеп айырысу кезінде орталық банктердің өзара қарама-қарсы міндеттемелерін Ресейдің рублімен жүргізу үшін уақытша тетікті айқындау бөлігінде өзгерістер енгізіледі, – дейді ол.

Еске сала кетейік, БАҚ бұған дейін Ресей СІМ Мәскеудің жекелеген елдермен сауда қатынастарын долларсыздандыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.