Қаржы министрлігінде байлығын қайдан жиғанын түсіндіре алмайтындардың тізімі бар ма

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа қойды.

ашық дереккөзден

Біржанов не дейді

– Бұл сұраққа екіге бөліп жауап берейін: бізде заңнамаға сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары бизнес өкілдерін тексере алады. Бизнес өкілдері егер өзінің табыстарын түсіндіре алмаса немесе салықтан жалтарса, олар бойынша тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ сіздің сұрағыңыз жеке тұлғаларға байланысты болып отыр. Жеке тұлғалар бойынша біз процесті енді бастадық. Жалпыға бірдей декларация процесі ендігі жылы енеді. 2025 жылы толыққанды енгізілгеннен кейін 2026 жылдың қорытындысы бойынша азаматтар байлығын түсіндіре алмаса, сонда біз шара қолдана аламыз. Қазіргі таңда жеке тұлғалар бойынша тексеру шараларын қолданбаймыз, – дейді Ержан Біржанов.

Вице-министрдің айтуынша, елде жеке тұлғалар әлі декларация тапсырған жоқ. 

– Расында да, жеке тұлғалардың атына мүліктер кейде рәсімделеді. Ол процестерді азайту – көлеңкелі экономиканы, жемқорлықты азайту үшін осы процестер енгізіліп жатыр. Сол процес толыққанды енгізілгеннен кейін сондай реестрлер пайда бола бастайды. Бастапқыда оларға хабарлама жіберіп түсіндіруге мүмкіндік береміз. Салықтан жалтарса да. Қазіргі таңда жеке тұлғалар бойынша біз ондай тізім жүргізбейміз, – деді Ержан Біржанов.

Байлығын дәлелдей алмаған

Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратураның активтерді қайтару жөнінде комитеті 10 млн доллардан астам түсініксіз байлыққа қатысты алғашқы сот актісі орындалғанын хабарлаған еді.  Биыл активтерді қайтару жөніндегі комитет ол активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап арыз берген. Сот талқылауы барысында жауапкерлер өздеріне тиесілі активтерді иемдену көздерінің заңдылығын дәлелдей алмаған. Бірінші сатыдағы сот Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің талаптарын толық қанағаттандырды, сот алқасының қаулысымен жауапкерлердің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.