Бұған дейін Астанада өнер көрсеткен қырғыз көкпаршыларының жетекшісі Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері құжат талап етіп, "қысым көрсетті" деп мәлім еткен еді. ҰҚК мұны жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– 2024 жылғы 12 қыркүйекте БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Қырғызстан құрамасының көкпар ойыншысына ҰҚК қызметкері қысым көрсеткені туралы ақпарат таралды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. ҰҚК қызметкерлері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан жоқ. Тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз, – делінген ҰҚК хабарламасында.
Еске сала кетейік, Астанада өтіп жатқан бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күміс медаль алған қырғыз көкпаршыларының жетекшісі Ерлан Әбдіғаппаров жарыс қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеген еді.
– Әділетсіз болатынын білгенбіз. Бірақ мұншалықты деңгейде қазақтың тақымына бастырып, ысқырып, қазақтың көкпаршыларына 4 салым салдырып, осындай әділетсіздік болады деп ойлаған емеспіз, - дейді Қырғызстан спортшысы.
Ол Қазақстанның күшқұрылымдары тарапынан қысым көргенін айтады.
– Бір үш те бір есебімен ұтып жатқанда жеке аттар шыққанда біздің бала артқа қараған кезде улакқа бастырып, ысқырық беріп, төрт жолы салым салдырды, – дейді ол.
Еске салайық, бүгін көкпардан финал өтті. Онда Қазақстан құрамасы Қырғызстан құрамасын 5:4 есебімен жеңді.